Атырау, 23 желтоқсан 05:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

Мемлекеттің қарызы 12,3 трлн теңгені құрады – министр

1 920 рет қаралды

Фото: Sputnik Казахстан
2017 жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша экономиканың көптеген саласында қарқынды өсім байқалады. Өндіруші, өңдеу, құрылыс, қызмет көрсету салаларында оң серпін бар. Ал 1 мамырдағы дерекке сәйкес мемлекеттің қарызы 12,3 тлрн теңгені құрады. Көрсеткіш – қауіпсіз деңгейде. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов (суретте) мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Ағымдағы жылдың 4 айындағы статистиканы позитивті деп айтуға болады. Деректер бойынша қаңтар-сәуірде ЖІӨ өсуі біз 1-тоқсанда көрген 3,0% қарағанда 3,7%-ға дейін жеделдеді. ЖІӨ-нің оң серпіні өндіруші 7,8%-ға және өңдеу салаларының 6,8%-ға, құрылыс саласы 6,1%-ға, әрі қызмет көрсету саласы 1,9%-ға өсуімен байланысты», - деді ол.

Сонымен қатар министр жақсы нәтиже көрсеткен салаларға тоқталды.

«Тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларының ішінде көмір және лигнит 18,9%-ға, мұнай 7,6%-ға, табиғи газ өндірісі 13,2%-ға өскені байқалады. Мұнай өңдеу (9,1%-ға өсу), фармацевтикалық өнімдер (49,7%-ға), бейметалдық минаралды өнімдер (5,0%-ға) металлургия өнімдері (8,2%-ға) және машина жасау өнімдері (3,3%-ға) сияқты өңдеудің негізгі сегменттерінде де жандану тіркелді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндірісінің көлемі өзгермей 2,9% деңгейінде оң белгі сақтады. Ал азық-түлік өндірісі 5,7%-ға жоғарылады, сусын өндірісінің өсуі 2,6%-ды құрады. Көлік және қоймалау қызметтерінің көрсетілуі 3,5 пайызға өсті. Бұл ретте жүк айналымы 5,9 пайызға, жолаушы айналымы 3,2 пайызға ұлғайды», - деді басшы.

Алайда кейбір өндіріс салаларында төмен көрсеткіштер байқалған екен.

«Бұл ретте өндірістің азаюы химия өнеркәсібінде байқалады. Химия өнімдерінің өндірісі 0,7%-ға төмендеді. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда құлдырау ауқымдылығының (-1,2%-ға) азаюын атап өткен жөн. Жалпы, 4 айдың қорытындысы бойынша экономиканың көптеген саласында қарқынды өсім бар. Дегенмен, әлемдік тауар және қаржы нарығында сақталып отырған құбылмалы экономиканың алдағы кезеңдердегі салыстырмалы өсіміне қатысты бірқалыпты болжам бар», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі мемлекеттің қарызы жөнінде статистикалық деректерді келтірді.

«2017 жылдың 1 мамырына дейінгі ақпаратқа сәйкес мемлекеттің қарызы 12,3 трлн теңге немесе ЖІӨ-дегі үлесі 24,6%-ды құрайды. Көрсеткіш – қауіпсіз әрі басқарылатын деңгейде. Осы жағдайды ескере келе, Елбасы жолдауында көрсетілген макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау міндеті орындалуда», - деп түйіндеді сөзін Тимур Сүлейменов.

Дереккөз: Baq.kz

16 мамыр 2017, 10:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.