Атырау, 25 сәуір 20:39
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Елімізде тағы бір ұлттық компания құрылды

2 581 просмотра


Бүгiн ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнде «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы мен Ұлттық инвестициялық стратегия жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Шараны ашқан ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаев Президенттің тапсырмасымен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының құрылғанын айтты.

«Компания бұрынғы «Kaznex Invest» АҚ базасында құрылды. Біз бұл құрылымды толығымен қайта жасап шықтық. Жаңа құрылым директорлар кеңесінің отырысында бекітілді. Аталған компанияның директорлар кеңесінің төрағасы өзім. Бұл инвестициялық саясаттағы басымдықтарымыздың маңызын көрсетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, біз Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірлеп жатырмыз. Бұл да Елбасының тапсырмасы. Аталған жұмысқа шетелдік сарапшыларды тарттық. Олардың қатарында Әлемдік банк басшылығы да бар. Бұл бағыттағы жұмыс бүкіл елде жүргізіліп жатыр», - дедi Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министрдiң айтуынша, ел экономикасына инвестиция тарту Қазақстанның мемлекеттiк басымдықтарының бiрi саналады.

Ал ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек өз баяндамасында 2016 жылы елімізге тартылған тікелей инвестиция көлемінің 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, инвестициялар тау-кен өнеркәсібі, электр қуатымен қамтамасыз ету, ақпараттық технологиялар, өңдеу өнеркәсібі (металлургия, химия, машина жасау) салаларында көп. Инвестициялардың көбін Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Франция, Ұлыбритания мен Қытай құйған екен.

Ұлттық стратегияны таныстырған Әлем банкiнiң инвестициялық ахуал мәселелерi бойынша офис басшысы Иван Нимак болса, табыс iздеген инвесторлар Қазақстанға назар аударған жөн дейдi.

«Инвесторларды ұзақ мерзiмдi инвестициядан пайданы барынша көбейтуге мүмкiндiк беретiн ыңғайлы инвестициялық ахуал қызықтырады. Қазақстан басқа дамушы нарықтар арасындағы өзiнiң кең көлемдегi тартымдылығын инвесторларға жеткiзуi қажет. Ол үшiн Қазақстанның бәсекелестiк артықшылықтарын анықтау бойынша күштердi шоғырландыру керек, экономиканың аса маңызды секторларына инвестицияларды тартуға өзiндiк тәсiлдi, шетелдiң қатысуымен мемлекеттегi компаниялар жағынан қайта инвестициялауды ынталандыру қажет», - дедi Иван Нимак.

Ал «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Мақсат Қабашев компания инвесторларының мемлекеттiк органдармен өзара қатынасы, мiндетi мен мақсаты туралы айтып бердi. Оның мәлiметiнше, Үкiмет атынан халықаралық инвестициялық бiрлестiкпен қатынасты құру және нығайту бойынша бiрыңғай орталық рөлiнде «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы болады. Осыған орай, компания шетелдiк инвесторға Қазақстанда идеядан бастап өндiрiстiң ашылуына және оның кейiннен экспортталуына дейiн толық қолдау көрсетедi, яғни процесті толық сүйемелдейді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық инвестициялық жобаны биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін әзірлеп, бекітуді тапсырған болатын.

Дереккөз: Baq.kz

27 сәуір 2017, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.