Атырау, 3 мамыр 23:25
 ашықВ Атырау +10
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде атқаратын жұмысының 4 бағытын атады

2 133 просмотра


Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі өз жұмысын 4 бағытта атқаратын болады. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар шетел елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Құрметті елші мырзалар! Біз 1-ші қаңтардан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысымызды бастадық. Жаһандық ұйымның беделді органы атынан өкілдік ету Қазақстан үшін өте зор мәртебе. Біз Қауіпсіздік кеңесінде атқаратын жұмысымыздың басымдығы 4 бағытты айқындалатын болады. Олар: ядролық қауіпсіздік, энергетикалық қауіпсіздік, су қауіпсіздігі және азық-түлік қауіпсіздігі. Өздеріңізге белгілі Қазақстан өз тарапынан ядролық қарудан бас тартып, ядролық полигонды жапқан мемлекет», - деп атап өтті ҚР Президенті. 

Мемлекет басшысы Қазақстан антиядролық қозғалыстың бастаушысы әрі көшбасшыларының бірі болып саналатындығын баса айтты. 

«Биыл Астанада халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні - 29 тамызда бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Солардың қатарында ғалымдардың ядролық қарусыздану жөніндегі қозғалысының 60 жылдық мерейтойлық сессиясы және МАГАТЭ аумағында төмен байытылған уран банкін ашуға арналған салтанаты бар», - деді Елбасы. 

ҚР Президенті еліміздің БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын, Париж келісімдерін іске асыру, Жасыл экономиканы насихаттау шараларына белсене қатысатындығын да атап өтті. 

«Осы мақсатта Астанада «Болашақтық энергиясы» тақырыбымен ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді. Оның ашылуы 10 маусымда болады. Оған әлемнің 100-ден аса елі келеді деп жоспарлап отырмыз. Сіздердің елдеріңіздің басшыларына шақырулар жіберілді. Көрме жұмысы аяқталған соң ЭКСПО базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде жұмысын бастайды. Онда ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін құру көзделген. Сондай-ақ энергетикаға, қоршаған ортаға маманданған кластерлердің ғылыми-техникалық паркі жұмыс істейтін болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Айта кетейік, Қазақстан Президентіне Марокко Корольдігінің елшісі Абделжалил Собри, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс, Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Мухаммед Ахмед Султан Иса аль-Джабер, Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі Захир бен Мутиш әл-Анези, Малайзия елшісі Дато Саид Мохамад Бакри Бин Саид Абдул Рахман, Грузия елшісі Зураб Абашидзе, Моңғолия елшісі Лувсан Баттулга сенім грамотасын табыс етті.

Дереккөз: ҚазАқпарат

11 сәуір 2017, 15:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.