Атырау, 15 қазан 09:34
 ашықВ Атырау +17
$ 484.11
€ 528.79
₽ 5.03

Шекарада бар ақшасы тәркіленген жесір анаға қатысты сот отырысы 17 наурызда өтеді

3 392 просмотра

8 ақпан күні Қытайдан Қазақ Еліне оралу мақсатымен көшіп келе жатып, ШҚО Зайсан ауданына қарасты «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде 49,900 АҚШ доллары тәркіленген Мәуітхан Гүлжан есімді жесір ананың ісіне қатысты сот отырысы 17 наурызда өтеді, деп хабарлайды Baq.kz тілішісі.

Өткенда хабарлағанымыздай, шекарадан екі кішкентай баламен қоса өткен жеті адамның қалтасында жалпы жиыны – 59,900 АҚШ доллары болған. Яғни, Мәуітхан Гүлжанның өз жанында 19,700, бірге туған інісі – Мәуітхан Мұқияттың қалтасында 10,500, ұлы – Мұқташұлы Әділбектің жанында 9,900, жиені – Сайлан Мейрамбектің қалтасында 9,900, жиен келіні – Гүлжанат Солтыкеннің қалтасында 9,900 АҚШ долары болған екен.

Бақылау терминалынан өтіп болып, шекара аймағынан шығарып салатын автобусқа отырған кезде соңдарынан қайта қуып келген шекара қызметкерлері кеден терминалына алып кіріп, қайта тексерген.

«Кеден қызметкерлір әрқайсымызды бөлек-бөлек үйге кіргізіп, жауап алды. Қытай елінде туып-өскен, орысша білмейтін, кириллица жазуын оқи алмайтын, Қазақ Елінің заңдарымен таныс емес біз шекарашылар не деп айт десе солай айттық, түсініктеме және тергеу қағаздарын өздері жазып, оған қол қойдырып алды. Сұрақ сұрау кезінде қасымызда не аудармашы не заңдық қорғаушы болмады. Ақыры олар барлық ақшаны маған тиесілі етіп көрсетіп, қағаздар толтырып, менің мойыныма қылмыстық жауапкершілікті артып, бір өмір жиған қаржымды тәркілеп алды.

Анығында ол ақшаның бәрі жеке өзіме ғана емес, балаларыма, ініме тәуелді болатын. Қазақстанның ішкі тәртіп жағдайынан хабарсыз болғандықтан, соншама еңбекпен келген ақшаны кездесуі мүмкін ұры-қарылардан қандай сақтықпен алып жүрудің де жолын білмедік. «Ол жақтағы жаман ниетті адамдар атып, тонап кетеді» деген дақпырт біздің үрейімізді ұшыратын. Сосын, барлық ақшамызды киімдеріміздің әр жеріне бөліп жасырғанымыз да шындық», – дейді Гүлжан Мәуітхан.

Айта кететін бір жәйт, 17 наурыз күні өтетін сот отырысына тек қана Мәуітхан Гүлжанды ғана шақырған. Жесір ананың ұлы Мұхташұлы Әділбекке хабарласқан шақырушылар сот отырысына төрағалық ететін судияның аты-жөнін айтудан бас тартқан.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ізгі бастамаларының бірі – көші-қон саясатын арқа тұтып, Қытай елінен атажұртым Қазақстанға біржола қоныс аударып, көшіп келе жатып, шекарадан осындай үлкен кедергіге тап болдым. Өзім жүрек талмасымен қатты ауырамын. Қанша ғұмырым барын білмеймін, көзім тірі кезде балаларымды Қазақ Еліне орналастырып, ұрпақтарымның алаңсыз өмір сүргенін көрсем деймін. Кішкентай қызым Мұхташқызы Перизат Астана қаласындағы №40 мектепте 6 сыныпта оқиды.», – деп көз жасын төкті жесір ана.

Дереккөз: Baq.kz

10 наурыз 2017, 10:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.