Атырау, 15 қазан 05:22
 ашықВ Атырау +9
$ 484.11
€ 528.79
₽ 5.03

91-бапқа ешқашан, ешқандай өзгеріс енгізілмейді

1 852 просмотра

Астанада өтіп жатқан Парламент палталарының жалпы отырысында Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының басшысы Әділбек Жақсыбеков Ата заңымыздың 91-бабына ешқашан, ешқандай өзгеріс енгізілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Конституцияға енгізілгелі жатқан өзгерістерді талқылау барысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбірайым жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбековке ел тәуелсіздігін қорғауға қатысты сұрақ қойды.

«Халықпен кездескенімізде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін Тәуелсіздікті қорғау жөнінде түрлі сұрақтар қойды. Жұрт Конституцияның 91-бабына өзгеріс енгізуді толық қолдап отыр. Осыған орай мемлекеттік тәуелсіздігімізді қорғау үшін жұмыс тобы нақты қандай шаралар ұсынады?», - деген депутаттың сұрағына Жақсыбеков қысқаша жауап берді.

«Бұл туралы баяндамада айтып өттім. Осы мәселе бойынша бізге де көптеген сұрақ, ұсыныс келді. Елбасымен келісе отырып, шешім қабылдадық. Бұл бапқа ешқашан, ешқандай өзгеріс енгізілмейді», - деді жұмыс тобының басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 91- баптың 2-тармағындағы «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды» деген сөйлемді «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, басқару нысанын өзгертуге болмайды» деп түзетуді, сондай-ақ 3-тармақты енгізіп, оған «Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыру­лар, олардың осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болғанда, республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады» деп жазуды ұсынған болатын. Бұл баптың қазіргі қолданыстағы нұсқасында 3-тармақ жоқ.

Дереккөз: Baq.kz

3 наурыз 2017, 11:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.