Атырау, 23 желтоқсан 18:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгерістер неліктен Парламент арқылы енгізілетіндігін түсіндірді

3 035 рет қаралды

Ақордада өтіп жатқан билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгерістер неліктен Парламент арқылы енгізілетіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат 

«Конституциялық реформаларды өткізуге байланысты құрылған жұмыс тобының кезекті отырысын өткізбекпіз. Мен халыққа Конституция туралы үндеу жариялағаннан бері бір ай уақыт өтті. Осы аралықта жұмыс тобы көп іс атқарды. Конституцияға енгізілетін жобаларды тыңдау, талқылау болды, көп ұсыныс енгізілді. Осының бәрін қарап, арасында жұмыс тобының мүшелерімен де кездесіп, көп мәселелерді келісіп отырдық. Келіп түскен ұсыныстар барлық жерде мұқият қарастырылды. Енді ары қарай қандай жұмыс істеуіміз керек екенін біз айтуымыз керек», - деді жұмыс тобының отырысын ашқан Қазақстан Президенті. 

Осы ретте Мемлекет басшысы бұған дейін Парламент арқылы Конституцияға өзгерістер енгізілгендігін еске салып өтті. «Себебі біздің Конституциямызда Конституцияға өзгерістер референдум арқылы да, Парламент арқылы да енгізуге болады деп айтылған. Оны Президент шешеді. Сондықтан конституциялық құқықты пайдаландым. Негізгі саяси жүйеге айтарлықтай өзгерістер енгізейік деп отырғанымыз жоқ. Істеліп жатқан жұмыстың барлығы елімізге, жұртымызға керек екінші дәрежедегі мәселелер болғаннан кейін жұрттың барлығын дабыратпай Конституцияның талабы бойынша Парламент арқылы өткізуді дұрыс деп санадым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сонымен қатар Президент бұған дейін Конституцияға енгізілген өзгерістер өз уақытында елдің дамуына айрықша серпін бергендігін баса айтты. «Бұл жағдайды да сол үшін жасап отырмыз. Ары қарай маңызды қадам жасауымыз керек», - деді Елбасы.

Дереккөз: ҚазАқпарат

1 наурыз 2017, 10:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.