Атырау, 3 мамыр 08:56
 ашықВ Атырау +21
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Есеп комитеті «Самұрық-Қазына» қоры жұмысынан миллиардтаған қаржылық бұзушылықтарды анықтады

2 527 просмотра

Есеп комитеті «Самұрық-Қазына» қор жұмысынан қаржылық  және процедуралық бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы бүгін Есеп комитетінің отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген комитет мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Мемлекеттік аудит 93 млрд. теңгеден астам соманы қамтыды. Ол екі бағытта жүргізілді. Бірінші бағыты Барақты-Ақсай, Алматы-Шу темір жолы тармақтарын, Құрық портында паром кешенін салу, сонымен қатар «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын құру мен дамыту үшін «Самұрық-Қазына» қорының жарғылық капитал ұлғайтуға арналған 049 мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген республикалық бюджет қаржысының пайдаланылуына жүргізілген аудит. Екінші бағыт 2011-2015 жылдары аралығында «Самұрық-Қазына» қорының  еншілес  және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасының іске асырылуына  жұмсалған мемлекет активтерінің пайдаланылуына мемлекеттік аудит. Жобалардың жүзеге асырылуына қатысты айтар болсам, қаржы 2014 жылдан бастап 2016 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңді қамтиды. мемлекеттік аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайды. 1,3 млрд. теңге тиімсіз жұмсалған қаржы»,-  деді ол. 

Оның айтуынша, мұнан бөлек, қор жұмысында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жобалық-құрылыс құжаттарынсыз жүргізу, жұмыстың басталуын құзіретті органдарға хабарламау, негісіз алдын ала ақша бөлу сынды  процедуралық бұзушылықтарға да жол берген. Сондай-ақ Айгүл Мұхаметкәрім  қорға тиесі компаниялардың акцияларын халықтық ІРО-ға шығару бағдарламасының 2014 жылы қайта түзетіліп, одан кейін шығынға ұшырағандығын атап өтті. Бағдарлама аясында бастапқыда көзделгендей 6 емес тек 2 ғана компанияның шығарылғанын айтты. Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директорының міндетін атқарушы Ернар Жанәділ мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның бас инженері Бауыржан Орынбасаров сөз сөйлеп, мемлекеттік аудит барысында анықталған бұзушылықтарға қатысты түсініктеме берді. 

Айта кетейік, бүгін  республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің отырысында ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген республикалық бюджет қаражатына, сонымен қатар аталған қорға еншілес  және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасының іске асырылуына  жұмсалған мемлекет активтерінің пайдаланылуына мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды.

Дереккөз: ҚазАқпарат 

2 ақпан 2017, 16:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.