Атырау, 3 мамыр 19:52
 ашықВ Атырау +10
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

ҚР Жоғарғы Соты судьяларға қойылатын талаптарды күшейтпек

2 044 просмотра

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында әрбір бес жылда өткізілетін біліктілік бағалауынан өтпеген судьяларды бірден лауазымынан босатуды ұсынатын заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Тәжірибе судьялардың кәсіби білімін бағалау институтының тиімділігін көрсетіп отыр. Сонымен бірге, бағалаудың қолданыстағы тетігі қайта қарауды талап етуде», - деді ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Ақылтай Қасымов «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасы бойынша баяндама жасау кезінде. 

Оның сөзіне қарағанда, заңнамаға сәйкес, Сот жюриі бағалауының нәтижесі бойынша судьяға теріс қорытынды берілсе судьяның біліктілігін арттыру туралы және бір жыл өткен соң кәсіби қызметін қайтадан бағалауды жүргізу туралы шешім қабылданатын. Қайта бағалауда теріс нәтиже болған жағдайда ғана судьяның атқарып жатқан қызметіне сәйкес келмейтіндігін тану туралы шешім енгізілетін. Осы арқылы, атқарып жатқан лауазымына сәйкес келмейтінін куәландыратын судьяның кәсіби қызметінің бірінші теріс нәтижесі оны жұмысынан босатуға негіз болмайтын.

«Осыған байланысты судьялар корпусының сапалық құрамын одан әрі арттыру, кәсіби біліктілігін бағалау мен оны көтеруге ынталандыру тетігін жетілдіру, істерді қарау кезінде заңдылықты нығайту үшін жауапкершілікті арттыру мақсатында судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалаудың теріс нәтижесі алынған жағдайда, оның кәсіби қызметіне қайтадан бағалау жүргізбестен судьяны лауазымынан босату ұсынылады», - деді А. Қасымов. 

Мұнымен қоса, заң жобасында Сот жюриі судьяны басқа сотқа немесе басқа мамандануға ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда, судьяларды басқа сотқа конкурс өткізбестен ауыстыру тәртібін регламенттеу ескерілді. Талқылаулардан кейін палата депутаттары заң жобасын мақұлдады.

Дереккөз: ҚазАқпарат


1 ақпан 2017, 16:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.