Атырау, 14 қазан 15:19
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Ақтауда OCC-ның 30 шақты жұмысшысын сотқа тартты

2 278 просмотра

Фото: Азаттық

Ақтауда бүгін қалалық сотында Ақтауда Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ кеңсесінде аштық жариялаған 28 жұмысшының үстінен сот басталды,- деп хабарлады Азаттық.

Жұмысшылардың Азаттық тілшісіне айтуынша, сот OCC компаниясының шағымы бойынша өтіп жатыр. OCC шағымында жұмысшылардың аштық акциясын заңсыз деп танып, олардың 5 қаңтардан 21 қаңтарға дейінгі аралықта аштық ұстауы салдарынан компания тартқан "3 миллион теңге шығынды" өндіріп алуды сұраған.

Сотқа жиырмадан астам жұмысшы келді. Олардың көбіне сотқа шақырту WatsApp қосымшасы арқылы келгенін айтады. Жұмысшылар іс материалымен таныса алмағандарын айтып, соттан уақыт беруді, өздеріне адвокат тағайындауды сұрады. Судья оларға материалмен танысуға 15 минут қана уақыт берді.

Үзілістен соң судья жауапкер жұмысшылардан сотты бастауға қарсы, я қарсы емесін сұраған. Жұмысшылар іс материалымен 15 минутта танысып үлгермегенін, адвокаттары жоғын және жауапкер бірер жұмысшының сотқа келмей қалғанын айтып, сотқа қатысудан бас тартты. Бірақ судья жұмысшылар қарсылықтарын апелляциялық шағымда көрсетуге болатынын айтып, сотты бастауға пәрмен берді.

Бүгінгі сотқа шақырылған 28 адамның сегізі бұған дейін сотқа тартылған. 19 қаңтарда Ақтау қалалық №2 соты OOC шағымы бойынша осы компанияның сегіз жұмысшысын сотқа тартқан. Сот сегіз жұмысшыны компанияның кәсіподақ кеңсесіндегі ашты акциясын "заңсыз" деп тауып, оны тоқтатуға міндеттеген. Ал 20 қаңтарда сот сегіз жұмысшыға "жұмысшыларды аштық жариялауға заңсыз шақырды" деп айыптап, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Бір айлық есептік көрсеткіш қазір 2269 теңге.

Ақтаудағы ОСС компаниясы территориясындағы тәуелсіз кәсіподақ кеңсесінде қаңтардың 5-інен басталған аштық акциясына кейін Маңғыстау облысындағы Қаламқас және Жетібай кеніштеріндегі жұмысшылар да қосылған. Наразылық акциясына қатысушылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талап қойған. Сенбі күні полиция талабы бойынша наразылық акциясы тоқтатылды. Оның алдында сот үш жерде жүздеген адамның қатысуымен өтіп жатқан жаппай наразылық акцияларын заңсыз деген шешім шығарған болатын. OCC компаниясы кәсіподағы лидері Әмин Елеусінов пен кәсіподақ еңбек инспекторы Нұрбек Қошақбаевты Ақтауда қаңтардың 20-сы күні полиция ұстаған. Ақтау қаласы прокуроры Елеусінов пен Қошақбаевты Астанаға жеткізіліп, екеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлады.

Oil Construction Company компаниясы Қазақстандағы ірі мұнай кәсіпорыны - «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының кеніштеріне қызмет көрсетеді.

Дереккөз: Азаттық

23 қаңтар 2017, 11:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.