Атырау, 14 қазан 13:20
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Бостон терактісі туралы америкалық драмада Қадырбаев пен Тәжаяқовтың оқиғасы көрсетілді

Бейнежазба
2 702 просмотра

Интернеттегі онлайн-кинотеатрларда 2013 жылғы Бостондағы лаңкестік актісі жайлы режиссер Питер Бергтің «Патриоттың күні» атты фильмінің толық нұсқасы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фильм марафон күні орын алған оқиғадан кейін тергеу амалдары нәтижесінде анықталған фактілер негізінде түсіріліп шықты. Атап айтқанда, эпизодтарда Бостон оқиғасынан кейін жауапкершілікке тартылған қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың да оқиғасы қамтылған. Оларды фильмде Элайджа Гуо (Elijah Guo) мен Джин Янг Бранкальяо (Jin Yang Brancalhao) есімді актерлер сомдады. Бұған дейін Гуо «Frat Star» туындысында және тағы үш сериалда ойнаған, ал Бранкальяо «Жақсы балалар» комедиясында өнер көрсеткен болатын. Туындыда Царнаевтардың фотолары БАҚ-та жарияланғаннан соң, сол кезде жоғары оқу орны студенті болған Диас Қадырбаевтың Джохармен смс-хабарлама алмасқаны көрсетіледі.

Сонымен қатар картинаның тағы бір эпизодында Азамат Тәжаяқов пен Д. Қадырбаевты байқауға болады. Картинаның соңында жатақханада полицейлердің студенттерді тұтқындау шарасы да көрсетіледі.

Мұнымен қоса басты рөлдерде бірқатар танымал актерлер қамтылған, яғни картинадағы кейіпкерлерді Мелисса Бенойст, Мишель Монахэн, Марк Уолберг, Джонатан Кимбл Симмонс сомдады.

Жалпы, фильм желісінде 2013 жылғы бостондық трагедияда полицейлердің атқарған жұмысын барынша ашып көрсетуге тырысқан. Картинаның бюджеті 45 млн. долларды құрады. АҚШ-та туындының премьералық көрсетілімі 2017 жылдың 13 қаңтарында, ал әлемдік премьера өткен жылдың аяғына қарай өтті. Алайда, картинаны Германия мен Ұлыбританияда әлі көрген жоқ.

Еске сала кетейік, 2013 жылғы 15 сәуірде халықаралық марафон кезінде Бостонда екі жарылыс болды. Бірнеше күн өткеннен кейін оны жасады деген күдікке ілінген Тамерлан Царнаев полицейлермен атыста оққа ұшты. Джохар Царнаев бой тасалады, бірақ та кейінірек ол ұсталды. Лаңкестік акті жасаудан басқа оған полицейді өлтірді деген де айып тағылды. Арнайы қызметтердің мәліметтері бойынша, Тәжаяқов пен Қадырбаев өздерінің танысы Джохар Царнаевтың бөлмесіндегі айғақтарды жоюға тырысты. Олардың қоқысқа тастаған айғақтарын кейіннен АҚШ арнайы қызметінің қызметкерлері тапқан көрінеді. Қазақстанның қос азаматы Царнаевпен Массачусетстегі университеттен таныс болатын. Бұдан бұрын жарылыс қондырғысын әзірлеу үшін пайдаланылған құралдарды бөлмеден қалай шығарғаны туралы олардың айғақтарын жариялаған болатын. Сот үкімі нәтижесінде Диас алты жылға, Азамат үш жарым жылға сотталды. Олар үкім шыққанға дейін жазаның жарты мерзімін өтеп шыққан еді. Өткен жылы Америка түрмесінде отырған Тәжияқов аман-есен елге оралған болатын.

Дереккөз: ҚазАқпарат


19 қаңтар 2017, 16:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.