Атырау, 14 қазан 11:20
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Бигелді Ғабдуллин кінәсін толықтай мойындады

2 486 просмотра

Фото: radiotochka.kz

Бюджеттік қаржыны алу үшін бопсалау әрекетіне барды деп айыпталған CentralAsiaMonitor-дың бас редакторы әрі Radiotochka.kz директоры Бигелді Ғабдуллин өз кінәсін толықтай мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 1 бабы, 1 тармақшасына сәйкес, бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейiн айыбын мойындап, өз еркiмен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе немесе қылмыстық жолмен жасалған зиянды өзгеше түрде қалпына келтiрсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Сотқа дейінгі тергеу барысында Ғабдуллин өзінің қылмыс жасағандығын мойындады. Жасаған ісіне өкініп, қылмысты ашуға белсенді көмек көрсетті. Зардап шегушілерге 20 млн. 625 мың теңге көлемінде келтірген шығынын толықтай өтеді», - деді Ғабдулиннің адвокаты Аманжол Мұхамедияров.

Сонымен қатар ол Бигелді Ғабдуллиннің тергеу процессі барысында қылмысты мойындағаны және тергеуге көмек көрсеткені үшін қылмыстық қудалаудан босату туралы өтініш жасағандығын айтты.

«Зардап шегушілерге келтірілген залал толық көлемде қайтарылды және олар Ғабдуллинді қылмыстық қудалаудан босатуға қарсы емес», - деді Мұхамедияров.

Ал прокурор болса, Ғабдуллинді қылмыстық қудалаудан босатуға наразылық танытты. Осыдан кейін сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне өтті. Іс Астана уақыты бойынша сағат 17-00-де қайта жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 16 қарашасында Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен Бигелді Ғабдуллин тұтқынға алынған болатын. Тергеу мәліметі бойынша, Ғабдуллин «Central Asia Monitor» және «Radiotochka.kz» бұқаралық ақпарат құралдарының пайдасына бюджеттік қаржыны алу үшін бопсалау әрекетіне барды деп айыпталған болатын. Ол өз құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, мемлекеттік орган жетекшілерінің іскерлік абыройына нұқсан келетін материалдарды жариялау арқылы оларға ақпараттық шабуыл жасаған. Алдағы уақытта сынауды тоқтату үшін Ғабдуллин лауазымды тұлғалардан өз медиа ресурстарына мемлекеттік тапсырыстар талап еткен. Олар өз кезегінде Ғабдуллиннің компаниясын қолпаштап, мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарттар бекітуді қамтамасыз еткен. Осыдан кейін ғана олардың қызметі туралы тек жағымды материалдар жарияланып отырған.

Дереккөз: ҚазАқпарат

11 қаңтар 2017, 15:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.