Атырау, 14 қазан 11:22
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Министр: Шахандағы жарылысқа электр қуатының ажыратылуы себеп

1 456 просмотра

Қарағанды облысының Шахан кентінде бес қабатты үйде жылу қазандығының жарылуына электр жарығының өшуі себеп болды деп хабарлады ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

"Оқиға болған күні сағат 20:30-да электр жарығы өшіп қалған. Оның салдарынан жылу жүйесінің насосы тоқтап, қазандықтағы температура қалыпты нормадан асып кеткендіктен жарылыс болған" деді ол Астанадағы үкімет отырысында.

Ол соңғы алты жылда елде жылу жүйесі қазандықтарының жарылуына байланысты 28 төтенше оқиға болғанын айтты. Олардың салдарынан 17 адам қаза тауып, 27 адам жараланған.

1 қаңтар күні түнде дербес жылу жүйесі қазандығының жарылуынан Шахандағы көп қабатты үйдің бір подъезі қирап, тоғыз адам қаза тапқан. Биліктің мәліметінше, ол үйде 119 адам, ал қираған пәтерлерде 25 адам тұрған.

Шахандағы оқиғадан соң мемлекеттік және жергілікті органдарға дербес жылу жүйелері бар көп қабатты үйлерді тексеру тапсырылды.

Тергеу мәліметінше, Шаханда өз алдына жылу жүйесі орнатылған кем дегенде 17 үй бар. Олардың 14-інде жылу қазандықтары жертөледе орналасқан.

Дереккөз: Азаттық

10 қаңтар 2017, 16:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.