Атырау, 29 наурыз 11:27
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Комиссия 32 жастағы босанушы әйелдің және шетінеген баласының өлімі себебін анықтауда

4 063 просмотра

Гүлдана Жекенова. Бейнежазбаның скриншоты.

9 қаңтарда Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы басшылық еткен арнайы комиссия Индер ауданына барып, 32 жастағы босанушы әйел мен оның сәбиінің өлу себебін анықтау үшін тергеу жұмыстарын бастады.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың аяғында Атырау қалалық перзентханасында Индер ауданының тұрғыны Гүлдана ЖЕКЕНОВА қайтыс болған еді. Оның сәбиін де құтқарып қалу мүмкін болмады. Әйелдің туыстарының айтуынша, ауыл дәрігерлері патологияны анықтап, жүкті әйелді босану үшін Атырауға жіберген. Облыстық перинаталдық орталықта әйелді қабылдамаған. Сол кезде оны Алмагүлдегі қалалық перзентханасына апарады. Ол жерде әйелдің жатыры жыртылып, көз жұмады. Дәрігерлер оған қол ұшын беріп үлгермеді.

Комиссия құрамында Астанадағы президент істерін басқару медициналық орталығының реаниматолог-анестезиологы, ақтөбелік акушер-гинеколог және қарағандылық патологоанатом бар. Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Байтолла ҒАЗИЗОВТЫҢ айтуынша, өткен жылы Атырау облысында ана өлімінің бес жағдайы тіркелген. 15 тамызда өкпе артериясының тромбоэмболиясынан Жылыой ауданының тұрғыны, 14 қарашада облыстық ауруханада Махамбет ауданының тұрғыны көз жұмды. Өлу себебі - өткір респираторлық вирустық-бактериялық инфекция, геморрагиялық кеңірдек-бронх қабынуы, екіжақты ошақтық серозды-десквамативті пневмония. 21 қарашада онкологиялық сырқаттан Махамбет ауданынан жүкті әйел, ал 30 қарашада пневмонияның ауыр түрінен Жылыой ауданынан жүкті әйел көз жұмды. Гүлдана Жекенова дәрігерлер өмірін құтқарып қала алмаған бесінші жүкті әйел.

– Әрбір ана мен бала өлімі бізде мұқият тексеріледі, - дейді Байтолла Ғазизов. – Комиссия жұмысына бір ай уақыт бөлінеді, бірақ, біз Гүлдана Жекенова мен оның сәбиінің өлімін тергеу жұмыстарын 25 қаңтарда аяқтаймыз деп ойлаймыз. Қорытындысына байланысты материалдар ІІД-ге немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасына берілетін болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

10 қаңтар 2017, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.