
Қазақстанда биылғы тоғыз айда жүргізілген кедендік тексерулер нәтижесінде бюджетке 19,6 миллиард теңге өндіріп алынды. Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында ұйымдастырған 948 кедендік тексерудің 84 пайызында заңбұзушылықтар тіркелген.
Тексерулердің қорытындысы бойынша жалпы 29,6 миллиард теңге косымша есептелді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары: қосымша есептелген сомалар 195 пайызға, ал өндіріліп алынған қаражат көлемі 247 пайызға артқан.
Анықталған заңбұзушылықтардың негізгі бөлігі мынадай бағыттарға тиесілі:
Кедендік құнды дұрыс көрсетпеу – 40%;
Тауарларды СЭҚ ТН бойынша қате сыныптау – 20%;
Пайдалану мен билік етуге шектеу қойылған тауарларды мақсатсыз қолдану – 17%;
Кедендік рәсімдердің шарттарын бұзу – 5%.
Салалар бойынша алсақ, заңбұзушылықтардың ең көп үлесі цифрлық майнингпен айналысатын сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына (19%) тиесілі. Сондай-ақ тауарлардың кең ассортиментімен көтерме сауда жасайтындар (16,2%), көтерме-бөлшек сауда өкілдері (13,5%) және энергетикалық сусындар өндірушілері (4%) де заң талаптарын жиі айналып өтуге тырысқан.
Анықталған кейстер бойынша кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар қосымша есептеліп, кедендік декларацияларға тиісті түзетулер енгізілуде. Құқық бұзушылар заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Қазіргі уақытта комитет Қытайдан «жалпақ металл прокатын» тасымалдайтын бірқатар компанияға қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Олар демпингке қарсы бажды төлеуден жалтарды деген күдікке ілініп, тәуекел тобына жатқызылған.
В Атырау +21.7