Атырау, 23 қараша 18:08
 дождьВ Атырау +9.7
$ 455.00
€ 498.77
₽ 5.56

​Мұнай-газ және ірі зауыттар туралы ҚМГ басшысы Тоқаевқа есеп берді

51 рет қаралды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдап, ұлттық компанияның биылғы 10 айдағы қызметінің қорытындысын тыңдады. 

Компания басшысы «ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгеге жеткенін және бұл қаржылық тұрақтылық жалпы құны 16,7 триллион теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Кездесуде мұнай-газ саласын дамытудың негізгі бағыттары бойынша мынадай нақты көрсеткіштер мен жоспарлар баяндалды:

  • Геологиялық барлау және жаңа кен орындары: Компания 2026-2030 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылдады. 23 жоба шеңберінде 60 мың шақырым жерде сейсмикалық барлау өтіп, ресурстық әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға бағаланған 26 іздестіру-барлау ұңғымасы бұрғыланады. Сонымен қатар Атырау облысында Батыс Қарасор, ал Маңғыстауда Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталды. Өндіріске жасанды интеллект көмегімен кен орындарының цифрлық телнұсқасы енгізілуде.

  • Газ өндірісін арттыру: Тауарлық газ өндіруді қысқа мерзімде 2,6 миллиард текше метрден 4,5 миллиард текше метрге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қазір Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында жаңа газ нысандары салынып жатыр, сондай-ақ экспорттың қосымша бағыттары дамытылуда.

  • Мұнай өңдеу және зауыттарды кеңейту: Есепті кезеңде отандық МӨЗ-дерде 14,9 миллион тонна мұнай өңделді. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі былтырғыдан 800 мың тоннаға артады. Бұдан бөлек, Шымкент МӨЗ қуатын 12 миллион тоннаға дейін, ал Павлодар МХЗ қуатын жылына 6-дан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары басталды.

  • Мұнай-газ химиясы және әлеуметтік жауапкершілік: Президентке Атыраудағы полиэтилен өндірісі мен газ сепарациялау кешені құрылысының барысы таныстырылды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында компания қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызғаны атап өтілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау мен инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Бүгін, 16:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.