
Қазақстан Кения шайы мен кофесін жеткізу, сақтау және саудалау бойынша өңірлік хаб құруды жоспарлап отыр. Бұл жоба Найробиде Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен, Кенияның шай және кофе саласындағы ірі компаниялары өкілдерінің қатысуымен өткен бизнес-форумда талқыланды.
Іс-шараға шай мен кофе өндіру, өңдеу және экспорттаумен айналысатын Sasini PLC, Gacharaga Tea Factory және Rosie Van Dyke Company компанияларының өкілдері қатысты.
Шай және кофе хабын құру бастамасы Кения президенті Уильям Рутоның 2026 жылғы 19–20 мамырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болды.
Қазақстанның Кениядағы елшісі Барлыбай Садықов жобаны жүзеге асыру кениялық өндірушілерге Қазақстан нарығындағы позициясын нығайтып қана қоймай, елімізді Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне шығу алаңы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Форумда болашақ ынтымақтастықтың практикалық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, өнім жеткізуді ұйымдастыру, көлік логистикасы, қойма инфрақұрылымын құру, өнімнің сапасы мен қаптамасына қойылатын талаптар, сондай-ақ кениялық инвесторлардың жобаға қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.
Жеке капитал тартуға, өнімді терең өңдеуге және екі ел кәсіпорындары арасында тұрақты сауда байланыстарын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
В Атырау +12