Атырау, 23 қараша 17:08
 дождьВ Атырау +12
$ 455.00
€ 498.77
₽ 5.56

​ExxonMobil Батыс Қашағанды өз бетінше игеру құқығына қол жеткізгісі келеді — БАҚ

50 рет қаралды

Америкалық «ExxonMobil» мұнай-газ корпорациясы осы жылдың ішінде Қазақстан үкіметіне Батыс Қашағанды өзі дербес игеру туралы ұсыныспен бірнеше рет жүгінген. Алайда Астанадағылар бұл бастаманы әлі шикі деп есептейді және рұқсат беруге асығатын емес, деп жазады Petrocouncil.kz.

Ұсыныстың мәні 

Бұл ретте әңгіме Солтүстік Каспий өнімді бөлісу туралы келісіміне (NCPSA) кіретін негізгі лицензиялық блок құрамындағы әлі игерілмеген ірі учаске — Батыс Қашаған туралы болып отыр. Қазір Қашаған бойынша консорциумға (2002 жылдан бері игерілуде) бірден жеті компания қатысады:

  • «ҚазМұнайГазда» — 16,9%;

  • ExxonMobil, Eni, Shell және TotalEnergies компанияларында — 16,8%-дан;

  • миноритарлық пакеттер қытайлық CNPC және жапондық Inpex компанияларына тиесілі.

Негізгі кен орны мен Батыс Қашағаннан бөлек, келісімшартта көзделген аумақ Оңтүстік-Батыс Қашаған, Қайрат және Ақтоты сияқты үш шағын кен орнын қамтиды. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, ExxonMobil дәл осы Батыс Қашаған үшін тәуелсіз жеке оператор мәртебесіне қол жеткізуге тырысуда.

Астананың реакциясы

Бұған дейін ақпараттық кеңістікте көпмиллиардтық инвестициясы бар мәміле жасалуға жақын деген хабарламалар пайда болған еді. Дегенмен Upstream сұхбаттастары Қазақстан билігі мұндай форматтың мақсаттылығына әлі де көз жеткізбегенін және америкалық компанияға учаскені дамытуды бағалауға эксклюзивті рұқсат бермегенін алға тартады.

Үкімет өкілі жобаның тек тұжырымдама таңдау кезеңінде тұрғанын түсіндірді: ешқандай міндеттейтін келісімдер жоқ, ал ұсыныстың өзі мемлекет мүддесі үшін одан әрі пысықтауды талап етеді.

Компанияның ұстанымы мен сарапшылардың пікірі

ExxonMobil басшысы Даррен Вудс қазан айында-ақ қазақстандық тараппен сындарлы диалог жүріп жатқанын және бұрынғы қиындықтарды еңсеріп, каспий активтерінің әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін «өзара тиімді» шешім іздестіріліп жатқанын мәлімдеген болатын. Бұл ретте ол келіссөздердің біраз уақыт алатынын мойындады.

Сала сарапшылары да мұндай болжаммен келіседі. Welligence Energy Analytics компаниясының Ресей мен Каспий бойынша зерттеулер басшысы Доминик Левенц ExxonMobil жоспарларын іске асыру тек Қазақстан үкіметімен ғана емес, сонымен бірге консорциумның басқа да серіктестерімен де күрделі келісуді талап ететінін атап өтеді. Оның бағалауынша, бұл бастама жобаға қатысушылар тарапынан қарсы сұрақтар туғызып, ұзақ мерзімге созылуы сөзсіз.

Бүгін, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.