Атырау, 23 қараша 19:06
 дождьВ Атырау +9.7
$ 455.00
€ 498.77
₽ 5.56

"Бесікті" интернатындағы жұмбақ: камера ақауы мен баланың жарақаттары

70 рет қаралды

Атыраудағы «Бесікті» интернатында баланың өзінің айтуынша оны аяусыз соққыға жыққан күннің бейнежазбасы камерада сақталмай қалған. Әкімшілік үшін бұл — техникалық ақау, ал баланың анасы сол күні ұлына не болғанын дәлелдеу мүмкіндігінен айырылып отыр.

Оқиға 2026 жылғы 11 наурызда басталған. Меруерт Ділмұқашованың айтуынша, мектеп-интернаттың тоғыз жастағы тәрбиеленушісі төртінші сыныпта оқитын ұлын жерге итеріп құлатқан, содан кейін 14 жастағы қыз бала екі аяғымен бірдей оның бетінен басып өткен. Баланың сөзінше, тәрбиеші сол сәтте телефонын қарап отырған. Бала одан кейінгі жағдайды есіне түсіре алмайды.

Әйел болған жайтты екі күннен кейін ғана — ұлы үйге бетінде көптеген көгерген із, қызарған көзбен және мойнындағы жарақат іздерімен оралғанда бір-ақ білген. 14 наурызда ол баланы жарақат пунктіне апарып, онда рентгенологиялық тексеру жүргізілген. Көзінің зақымдануына байланысты офтальмологтың кеңесі де қажет болған.

Алайда интернатта баланың айтқанын растамаған. Директор мен тәрбиеші соққыға жығу дерегін жоққа шығарған, сондықтан анасы бақылау камераларының жазбаларын беруді талап еткен. Нәтижесінде 11 наурыздағы видеоның жоқ екені белгілі болған. Бұған себеп ретінде техникалық ақау болғаны айтылған.

Содан бері сегіз ай өтті. Ділмұқашова істің мән-жайын анықтап, кінәлілерді табуға тырысып, полиция мен білім беру органдарына бірнеше рет жүгінген.

Осы уақыт ішінде баланың да өмірі өзгерген. Ол интернатқа баруды доғарған. Анасының өтініші бойынша ол Талғайран мектебіне ауыстырылып, қазір бесінші сыныпта үйде оқиды. 

Соңғы өтінішінде әйел ұлының Атырау қалалық балалар ауруханасында жатқанын хабарлаған. Оның сөзінше, баланы күн сайын бас ауруы мазалайды, көзі ауырады, қол-аяғы жансызданады, қолы дірілдейтін болған. Анасы баланың жағдайы әлі де нашарлап жатқанын алға тартады.

Жағдайды түсіндіріп беру үшін «Ақ Жайық» қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекеноваға хабарласқан.

Ол оқиға болды деген күні бақылау камерасының жұмыс істемегенін растады. Шенеуніктің айтуынша, интернат әкімшілігі қызмет көрсетуші ұйымды шақыртқан, оның мамандары техникалық ақау туралы акт толтырған.

«Жазбаның сақталмай қалуына байланысты мен директорды жазаладым. Өз кезегінде директор өз қызметкерлерін жазалады», — деді Дүйсекенова.

Дегенмен интернат қызметкерлерінің жазбаша түсініктемелері баланың айтқанымен мүлде сәйкес келмейді. Білім бөлімі басшысының хабарлауынша, директор Лида Кушенова, сынып жетекшісі, тәрбиеші және оқу ісінің меңгерушісі соққыға жығу болмағанын айтып отыр. Сонымен қатар әкімшіліктің мәліметінше, орын алды деген оқиғадан кейін ұл бала тағы он күн сабаққа барған.

Дүйсекенова интернат басшылығының қатысуымен анасымен өткізген кездесу туралы да айтты. Оның сөзінше, әңгіме хаттамамен рәсімделген. Шенеунік денсаулық сақтау басқармасы арқылы баланы медициналық тексеруден өткізуге жәрдемдесуді ұсынған, бірақ ол әйелдің көмектен бас тартқанын алға тартады.

Ал Ділмұқашованың өзінде бұл кездесуге қатысты басқа жағдай есінде қалған. Ол білім бөлімі басшысының болған жағдайды мекемеден тыс жерге шығармауға шақырғанын айтады. Ал анасы видеожазбаны беруді талап етіп, онсыз әркім оқиғаның өз нұсқасын айта алатынын түсіндірген.

Дүйсекенованың сөзінше, әйелдің кезекті өтінішінен кейін оқиға туралы мәліметтерді прокуратура мен облыстық білім басқармасы сұратқан. Жауап ретінде қалалық бөлім қабылданған шаралар туралы анықтама жолдаған.

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер «Ақ Жайыққа» бұл іс бойынша материалдар білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінде жатқанын хабарлады.

Осылайша, мектепте техникалық ақау туралы акт бар, білім бөлімінде педагогтердің түсініктемелері мен тәртіптік жазалар туралы мәліметтер бар. Ал ананың қолында өзінің айтуынша денсаулығы әлі де нашарлап келе жатқан ұлы бар. Және ол сегіз айдан бері жауап ала алмай отырған екі сұрақ: баласына не болды және бұған кім жауап береді?

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.