Атырау, 16 қазан 17:43
 дождьВ Атырау +21.7
$ 454.14
€ 509.23
₽ 5.41

​Ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы қайта басталған жоқ: Экология министрлігі түсініктеме берді

125 рет қаралды

Қазақстанда ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға (утилизацияға) тапсыру және жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификаттарын беру бағдарламасы әлі іске қосылған жоқ. БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ арнайы мәлімдеме жасады.

Ведомствоның хабарлауынша, азаматтар арасында жаңсақ пікірдің қалыптасуына Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 6 қазандағы №252 бұйрығының бекітілуі себеп болған. Бұл құжатта көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын куәліктерді беру, сондай-ақ жеңілдік сертификаттарын ұсыну мен пайдаланудың нормативтік тәртібі бекітілген.

Алайда министрлік бұл бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның нақты басталғанын білдірмейтінін ескертеді. Құжат тек болашақта қолданылатын құқықтық тетіктерді, сертификаттарды беру мен оны отандық көліктерді сатып алу кезінде пайдаланудың ережелерін айқындайды. Бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап күшіне енгенімен, бұл күн де ескі көліктерді қабылдаудың басталу мерзімі болып саналмайды.

Қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ тозығы жеткен көліктерді қабылдап, оларды қайта өңдейтін кәсіпорындарды іріктеу бойынша конкурстық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қажетті рәсімдер толық аяқталып, зауыттармен шарттар жасалғаннан кейін ғана бағдарламаның ресми іске қосылу мерзімі, қатысу шарттары мен қабылдау пункттерінің мекенжайлары жарияланады.

Экология министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарын нормативтік құжаттың бекітілуі мен бағдарламаның нақты іске қосылуы арасындағы айырмашылықты ескеруге, ал азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады

Бүгін, 16:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.