Атырау, 13 қазан 23:19
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жетекшісі Ақтөбеге ҰҚК ұшағымен жеткізілді

2 153 просмотра

Мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жетекшісі Еркін Ізбасаров Ақтөбеге жеткізілді, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, "Ағайынды төртеу" деген лақап атпен танымал қылмыстық топтың мүшесін енді осы қалада тергейтін болды. Тергеу мәліметі бойынша, ол жат ағымның жетегінде кеткен жігіттерді қарақшылық үшін пайдаланған. Солардың бірі бүгін ұсталды. Сондай-ақ, қауіпсіздік комитетіндегілер Темір ауданындағы мұнай өндіретін зауыттарды тінтіп шығыпты.

Бүгін Ақтөбедегі халықаралық әуежай ғимаратының жанындағы қосалқы қақпа түстен кейін қоршауға алынды. Қадірлі қонақты күткендей сарбаздар ұшақ алаңында сап түзеп тұр. Дегенмен, әуе жолы арқылы лауазымды тұлғаны емес, еліміздегі "Ағайынды төртеу" деген лақап атпен танымал қылмыстық топтың жетекшісі 50 жастағы Еркін Ізбасаровты Алматыдан жеткізді. Ол үшін ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің ұшағын арнайы бөлген. Қара алтын ұрлаумен айналысқан қарақшылардың арбаға таңылған басшысы көп сөзге жоқ. Бет-жүзін жасырып әлек болған.

Қылмыстық топ мүшелерін ұстау Темір ауданында жалғасты. Шұбарқұдық ауылында қара алтынды тасымалдаумен айналысқандардың бірі тұтқындалды. Ол да радикал діни көзқараста екен. Ұрланған мұнайдан түскен ақшаларын басшыларымен бөлісіп, қалғанын әсіредіншілерді қолдауға жұмсап отырған. Айта кетелік, операция өткен Темір ауданында жат ағымның жетегінде кеткендер азаймай отыр. Осыдан бес жыл бұрын радикалдар дәл осы ауданда бас көтерген болатын. Шұбаршы ауылында экстремистер тәртіп сақшыларымен атысып, елді үрейде ұстаған еді.

Дереккөз: КТК

9 желтоқсан 2016, 09:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.