Атырау, 13 қазан 19:23
 ашықВ Атырау +7
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

ХОК шешіміне қарсы шыққаннан пайда жоқ – МСМ

1 916 просмотра

Халықаралық Олимпиада комитеті төрт бірдей қазақстандық ауыр атлетті 2012 жылғы Олимпиада ойындарындағы алтын жүлделерінен айырған болатын. Тіпті, аталған комитет Илья Ильиннен 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының алтынан да қайтарып алды. Оған қатысты соңғы шешім кеше шыққан еді. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбеков Олимпиада жүлдегерлерінің төңірегіндегі дауға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Илья Ильинге қатысты туындаған допинг дауы кеше аяқталған болатын. Не айтамын? Біріншіден, оның кешегі әрекеті нағыз ер азаматқа тән. Ол Пекин және Лондон Олимпиадаларында жеңіп алған медальдарын қайтаратын болды. Илья Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен келісіп отыр. Олардың шешіміне қарсы ешнәрсе айта алмаймын. Тіпті, олардың бұл шешіміне қарсы шыққанмен пайда жоқ», - деді ол.

Сонымен қатар, Сәкен Мұсайбеков Олимпиада жүлдегерлерінің қанынан неге бұрын допинг табылмағанын айтты.

«Сіздер білесіздер ме, 2008 жылы Олипиадаға қатысқан көптеген спортшылар допинг дауынан зардап шекті. 2008 жылы олар допинг сынамасын тапсырған болатын. Біздің спортшыларымыздан еш нәрсе табылмады, таза болды. Лондон Олимпиадасында да тапсырды. Ол кезде де олар таза болды. 2013 жылы әлемде допингті анықтайтын жаңа методика табылды. Яғни бұл әдіс спортшының организміндегі және қанындағы тыйым салынған препараттардың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Ведомство басшысының орынбасары спортшылардың организміне тыйым салынған препараттар қайдан түскендігіне қатысты болжам жасады.

«Менің ойымша, олар (тыйым салынған препараттар – ред.) спортшыларға арналған тағам мен спорттық қоспалардың құрамында болған болуы мүмкін. Мен мұны айтып, күнә жасап та жатқан шығармын, бәлкім. 2012 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті спортшылардың қанынан тыйым салынған препараттарды анықтай алған жоқ. Бірақ, жаңа технологиялар қолданысқа шықты. Осылайша, жаңа әдіс арқылы спортшылардың қанынан тыйым салынған препараттар табылды», - деді ол.

Сөз соңында Сәкен Мұсайбеков Олимпиада жеңімпаздарына мемлекеттен берілген қаржы, үй, машина қайтарылып алынбайтынын атап өтті. Себебі, бұған қатысты елімізде заң жоқ.

Дереккөз: Baq.kz

24 қараша 2016, 15:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.