Атырау, 29 наурыз 11:28
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Сағадиев ҰБТ-дан "Қазақстан тарихы" пәнін алып тастау туралы ұсынысқа пікір білдірді

2 852 просмотра

Фото: Tengrinews.kzҮкіметте премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен отырыста ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҰБТ-ның жаңа форматының ерекшеліктері туралы баяндады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министр өз сөзінде ведомствоның ҰБТ сұрақтарында "Қазақстан тарихы" пәнін сақтап қалуды жақтайтынын атап өтті.

"Екі ұсыныс көбірек айтылды. Мен министрліктің ұстанымын айтқым келеді. Біріншісі, ҰБТ-дан "Қазақстан тарихы" пәнін алып тастау. Шын мәнінде, бүгінге ол екі рет тапсырылып жүр - мектепте және ҰБТ-ла. Бірақ біз бұл пәнді қалдыру керек деп есептейміз, себебі, қоғамның пікірі бойынша, пән өте маңызды және ҰБТ-да болуы тиіс. Екіншісі, "Алтын белгі" иегерлерін және түрлі олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздарын, ғылыми жоба жеңімпаздарын ҰБТ-дан босату. Біз бұл ұсынысты да қолдамаймыз. ҰБТ-ны барлығы тапсыруы керек деп есептейміз", - деді Ерлан Сағадиев.

Ерлан Сағадиевтің айтуынша, министрлік қорытынды аттестациялауды бөлу жұмыстарын жүргізген. Енді түлектер мектепті бітіру сынағын және ЖОО-ға қабылдау емтиханы ретінде ҰБТ тапсырады. Мектептегі қорытынды аттестация 5 пәннен тұрады, оның 4-уі міндетті, 1 пән - таңдау бойынша.

ҰБТ ЖОО-ға қабылдау емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде сақталады, бірақ оның форматы өзгереді. Бұрын 5 пәннен 125 сұрақ беріліп, оның ішінен 4 пән бойынша 100 сұрақ есептелетін. Ал 2017 жылғы ҰБТ форматында 120 сұрақ қарастырылып, барлығы есептеледі. Кейбір сұрақтардың жауабына 2 балл берілетіндіктен, ең жоғарғы көрсеткіш - 140 балға тең.

Сауалдар 5 пәннен қойылады, олардың 3-уі міндетті, 2-уі талапкер жоспарлаған ЖОО-дағы мамандыққа байланысты бейіндік пән болады. Тестілеу уақыты да өзгермейді - 3 сағат 30 минут. Өту балы да өзгерген жоқ - 50 балл.

2017 жылы ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығынла өтеді, сондай-ақ түлектерге оны 2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың қаңтарында қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.

Айта кетейік, ҰБТ бейіндік пәндері 20 сауал мен оның бес түрлі жауап нұсқасынан тұрады. Сонымен қатар, түлектерге 10 тапсырма беріліп, оның көптеген жауаптарының ішінен дұрыстарын таңдау ұсынылады. Бейіндік пәндерді тестілеудегі жауаптардың бірнеше нұсқасының болуы талапкердің нақты тақырыпты қаншалықты жақсы білетіндігін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бірнеше жауап нұсқасы арқылы тестілеу жауаптарды кездейсоқ белгілеуді болдырмауға көмектеседі.

Дереккөз: Tengrinews.kz

22 қараша 2016, 10:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.