Атырау, 13 қазан 15:27
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Депутат: Байқоңырда күнкөріс көзі шектеулі

1 892 просмотра

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Байқоңыр қаласында тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының мәселесi қордаланып қалғанын алға тартты. Оның айтуынша, Үкiмет оларды шешудiң жаңа тетiктерiн қарастыруы керек. Бұл мәселенi депутат бүгiн Сенаттың жалпы отырысында көтердi, деп хабарлайды BNews.kz.

«Қазiр Байқоңыр қаласында 75 мың халық тұрады. Оның 47 мыңы Қазақстан азаматтары. Сонымен бiрге Байқоңырдың дәл жанындағы екi елдi мекенде 17 мың халық тұрады. Демек, 64 мың Қазақстан азаматы аумағы шағын бiр ауылдық елдi мекенге тиесiлi, яғни 6300 гектар ғана, оның өзi Ресейдiң уақытша меншiгiндегi жерде тұрып жатыр. Айтылып отырған аймақта бау-бақша, егiн егуге не мал бағуға ешқандай мүмкiндiк жоқ. Өйткенi олар тұрып жатқан жер Ресейдiң жалға алып отырған меншiгiнде. Күнкөрiс көзi шектеулi. Аталған елдi мекендердiң тұрғындарына кәсiппен айналысу үшiн 11 мың гектар жер телiмдерiн алып беру мәселесi екi мемлекет арасындағы үкiметаралық комиссия отырысының шешiмiне байланысты болмақ. Өкiнiшке қарай, бұл процесс баяу жүруде», – дейдi М. Бақтиярұлы.

Осы кезге дейiн шешiмiн таппай келе жатқан тағы бiр үлкен мәселе – жергiлiктi кәсiпкерлер жылжымайтын мүлiктерiн банктерге кепiлдiкке қойып, несие ала алмайды. Өйткенi, депутаттың айтуынша, олардың салған объектiлерiнiң астындағы жер учаскелерi Ресей мемлекетiне жалға берiлген.

«Байқоңыр қаласында жаңа кәсiп ашқысы келетiн кәсiпкерлердiң банкке қоятын кепiлдiк мүлiк және үйлерi жоқ. Қалада 347 көпқабатты тұрғын үй бар, онда 20 700 пәтер бар. Олардың бiрде-бiрi жекешелендiрiлмеген. Өйткенi ол үйлердiң иесi тағы да Ресей жағы. Естерiңiзде болса, тоқсаныншы жылдардың соңғы кезiнде Байқоңыр қаласынан басқа Қазақстанның барлық қалаларындағы көпқабатты үйлердiң пәтерлерi жеке меншiкке купон арқылы өткiзiлген болатын. Тек Байқоңыр қаласы қалып қойды», – дейдi депутат.

Бұдан бөлек, Байқоңыр қаласында азаматтар тұрақты және уақытша тiркеуде тұрады. Уақытша тiркеуде тұратын Ресейге қарасты мекемеде жұмыс iстейтiн адамдарға зейнетақы қоры жинақталмайды. Сондай-ақ жәрдемақылар да төленбейдi. Оның үстiне Байқоңыр қаласы бойынша коммуналдық қызмет бағасы өте жоғары.

«Мысалы, Қызылорда қаласында ыстық су бiр адамға 740 теңге болса, Байқоңырда ол 1640 теңге. Қызылордада салқын су 156 теңге болса, Байқоңырда 918 теңге, Қызылордада газ балоны - 3 мың теңге, Байқоңырда - 6 мың теңге. Оның үстiне соңғы 20 жылда Байқоңыр қаласындағы инфрақұрылымға қаржы бөлiнбегендiктен, олардың барлығының қазiр тозығы жеткен», – дедi сенатор.

Депутаттың айтуынша, Үкiмет Байқоңыр қаласында қордаланып қалған мәселелердiң күрделiгi мен ерекшелiгiн ескере отырып, шағын және орта бизнестi дамытуды, жергiлiктi тұрғындарды әлеуметтiк қорғауды кешендi түрде шешудiң жаңа тетiктерiн қарастыруы қажет.

Дереккөз: BNews.kz

10 қараша 2016, 11:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.