Атырау, 13 қазан 15:27
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Сенат Байқоңыр мәртебесі туралы келісімге өзгерістерді мақұлдады

2 540 просмотра

Парламент сенаты бүгін пленарлық отырысында Ресеймен Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Байқоңыр қаласының мәртебесі, құрылымы мен оның атқарушы билік органдарының мәртебесі туралы келісім 1995 жылы 23 желтоқсанда қабылданған,- деп хабарлады Азаттық.

Өзгерістер енгізу туралы хаттамаға 2016 жылы 12 сәуірде қол қойылған.

Сенатта заң жобасын таныстырған қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, құжатқа Байқоңыр аумағына кіргізілетін және қаладан шығарылатын тауарларды қосымша құн салығынан және акцизделетін тауарлар үшін акциздік төлемнен босату туралы өзгерістер енгізілмек. Қазір Байқоңырда қазақстандық тауарларға қосымша құн салығы алынады. Сұлтановтың сөзіне қарағанда, байқоңырлық кәсіпкерлер Ресей заңнамасы бойынша 18 пайыз мөлшерінде құн салығын төлейді және оны Қазақстан жағы есепке ала алмайды. Осы себепті және Байқоңырға Қазақстан территориясынан кіргізілген тауарлардан да 18 пайыздық құн салығы алынғандықтан қалада тауар мен өзге де қызмет көрсету бағалары қымбаттап кетеді.

Сұлтанов хаттамада Байқоңырға тауар кіргізу немесе тауар шығару, қызмет көрсету кезінде бір реттік 18 пайыз мөлшерінде ғана салық салу қарастырылғанын айтты.

Заң жобасын бұған дейін мәжіліс мақұлдаған. Енді ол президенттің қол қоюына жіберілуі тиіс.

Ресей Байқоңырды 1994 жылы жалға алып, ғарыш айлағын 2050 жылға дейін толық пайдалануға Қазақстанмен келісім жасасқан. Қалада ресми мәлімет бойынша 70 мың халық тұрады.

Дереккөз: Аzattyq.org

10 қараша 2016, 11:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.