Атырау, 13 қазан 13:16
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Баян Мақсатқызы: Мен кешірдім, заң кешірмеді

2 732 просмотра

Кеше Бақытбек Есентаевқа қатысты сот үкімі шыққан болатын. Жары Баянның кешіріміне қарамастан, сот үкімі қатал болды. Оған сәйкес, әйелін қан-жоса қылып ұрып, бірнеше жерінен пышақтағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң колонияда өтеуге міндеттелді. Осы жазаға қатысты Баян Мақсатқызы әлеуметтік желі арқылы жеке пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Мен кешірдім, заң кешірмеді. Өмір солай, тағдырымыз солай, оның, менің және балаларымыздың. Болған жағдай өзегімді өртейді, бір-бірімізді түсіне алмағанымыз, балаларымыздың көз жасы, қателіктеріміз, ойланбай қабылдаған шешімдеріміз... Сынға, қоғамның жоғары назарына, пікіріне етім үйренген, ол үнемі қарама-қайшы келеді, бірақ біздің де қарапайым адам екенімізді, пендешілікпен қате жіберетінімізді ешкім түсінгісі келмейтін тәрізді. Әзірге отбасыммен болған жағдай қате ме, жоқ па, білмеймін, ол уақыттың еншісінде. Жүректің санаға бағынбайтын қасиеті бар, мен де, ол да соның ықпалымен болдық. Әрқайсысымыз сол үшін жазаландық. Заң әрқайсымызға бірдей», - деп жазды жеке парақшасында танымал продюсер.

Сондай-ақ ол Бақытбек Есентаевпен 22 жыл отауласқан отбасылық өмірінің қызығы мен шыжығына тоқталып, күйеуінің жақсы әке болғанын ерекшелеп өтті.

«Әрине, балаларымды жалғыз тәрбиелеу оңай емес, бірақ қолымнан келеді, бәрі қолымнан келеді. Мен ешқашан құрбанның кейпін киген емеспін, бұл маған тән емес. Бұрынғы күйеуімнің тағдыры осымен аяқталмайтынына сенімдімін, ол мықты адам, оған тек зор денсаулық, төзімділік тілеймін, алда жарқын өмір күтіп тұр деп үміттенем. Осымен бәрін айттым», - деген Баян Мақсатқызы БАҚ өкілдерін енді бұл мәселемен мазаламауларын өтінді.

Естеріңізге сала кетейік, елді дүрліктірген оқиға ағымдағы жылдың 10 шілдесінде орын алды. Онда шоу-бизнес жұлдызы Баян Мақсатқызын күйеуі бірнеше жерінен пышақтап, өлімші етіп сабаған. Соңынан танымал продюсер шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілді.

Ауыр дерті мен жан жарасы жазылмастан Баян кейін бірнеше жыл отасқан күйеуін кешіріп, мұндай шешім қабылдауға сырттан ешқандай қысым болмағанын, Бақытбек Есентаевтың жақсы жар, қамқор әке болғанын айтып, соттан оны ақтап шығуын, бас бостандығын айырмауын өтінген болатын. Баянның мұндай әрекетке барғаны біреулерді қатты таңғалдырса, келесілері оны батылдыққа балады.

Дереккөз: Baq.kz

4 қараша 2016, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.