Атырау, 13 қазан 11:24
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Астана әкімдігі Боқаев пен Аянды қолдау митингісіне тағы да рұқсат бермеді

1 890 просмотра

Астана әкімдігі азаматтық белсенділердің Атырауда сотталып жатқан белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдайтын акция өткізуіне рұқсат беруден бас тартты. Астаналық белсенді Махамбет Әбжанның айтуынша, әкімдік өзіне митинг өткізуіне рұқсат беруден осымен үшінші рет бас тартып отыр,- деп хабарлады Азаттық.

Астана әкімдігі "митингіде Макс Боқаев пен Талғат Аянды босату талабы қойылатын" болғандықтан оған рұқсат бермегенін айтады. Бұдан соң әкімдік "Қазақстан Республикасының судьялардың мәртебесі және сот жүйесі туралы" заңына сілтеме жасайды. Хатта осы заң бойынша "сот өндірісінде қаралуы тиіс шағым, арыз, үндеуді өзге ешқандай орган, лауазымды немесе өзге де тұлғалар қарай алмайтыны" айтылады. Сонымен қатар хатта бұл митинг "соттың сот процесін әділ жүргізуіне кедергі келтіруі мүмкін екені" айтылған. Хат мәтінін Махамбет Әбжан Facebook-тегі парақшасында жариялады.

"Жоғарыда айтылғандармен байланысты, сіздің Макс Боқаев пен Талғат Аянды босатуды талап ету мақсатында митинг ұйымдастырып, өткізуіңіз сот органына қысым жасау деп бағалануы мүмкін. Бұл - заңға қайшы" делінген әкімдіктің жауабында.

Конституция бойынша, Қазақстан азаматтары бейбіт түрде және қарусыз жиналып, демонстрация, шеру мен пикет өткізуге хақы бар. Дегенмен, өзге заң бойынша, бұл үшін азаматтар жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алуы тиіс. Рұқсат алмай жиын өткізгендерге заңмен айыппұл салынуы немесе әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуірде Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсы рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырды деп айыпталып отыр. Түрлі мәліметтер бойынша, ол митингіге 700-ден бірнеше мыңға дейін адам қатысқан. Екі белсенді де өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Дереккөз: Аzattyq.org

1 қараша 2016, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.