19 қазанда азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯННЫҢ істері бойынша сот отырысы сотталушылардың бірінсіз басталды: Боқаев денсаулығы нашарлағандықтан тергеу изоляторында қалды.
Осыған байланысты судья Гүлнар ДӘУЛЕШОВА белгісіз уақытқа үзіліс жариялады. М.Боқаевтың қарындасы Жанаргүл БОҚАЕВА оған тергеу изоляторындағы науқасқа кіріп шығып, денсаулығын біліп шығу өтінішімен жүгінді. Оның өтініші қабыл алынбады: «Сіздің медициналық біліміңіз жоқ. Оны дәрігер қарасын – егер ол шынымен де өзін нашар сезінсе, онда оны мамандар қарау үшін шаралар аламыз».
Бірер сағаттан кейін сот отырысы жалғасты. Аянның адвокаты Төлепқали АЯНОВ алдыңғы күні түнде қорғалушысының негізгі куәгерлерден бейнебайланыс бойынша алыстан жауап алуына наразылық белгісі ретінде «өзінің білегіне зақым келтіргенін» мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, оған медициналық көмек көрсетілмеген, оның орнына одан түсініктеме талап еткен. Сәл кейінірек, оның жарақатын таңып бергені белгілі болды. Судья «елеусіз зақым, жарақат» болғанын растады, алайда оны сот тыңдауын кейінге қалдыруға жеткіліксіз негіз деп есептеді. Ол Макс Боқаевтың бүгін тергеу изоляторында медициналық тексеруден бас тартқанын айтты: «Мен оған қойылған диагноз туралы білемін. Бірақ менің қолымда оған сот отырыстарына қатысуға тыйым салынбаған медициналық қорытынды бар. Сондықтан мен оның әрекетін сотқа құрмет көрсетпеу деп бағалаймын. Біз отырысты олсыз жалғастырамыз» деді.
Нәтижесінде процесс екі сотталушысыз өтті. Өйткені Талғат Аян әрі қарай отырысқа қатысқысы келмейтінін мәлімдеді. Оның қолына қолкісен салып, залдан алып кетті.
Содан кейін куәгерлерден: қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 309-бабы («Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру») бойынша жазасын өтеп жатқан блогер Ринат ҚИБРАЕВ пен азаматтық белсенді әрі фрилансер Марлан ЕСІЛБАЕВТАН шалғайдан жауап алу басталды. Трансляция Алматы қалалық сотынан жүріп жатты. Қорғау тарапы, кешегідей, жауап алуға қатыспады, сондықтан куәгерлермен тек прокурорлар ғана тілдесті.
Түрме киімін киген сотталушы Ринат Қибраев сотқа Талғат Аянмен екі жылдай уақыттан бері таныс екенін, Бурабайдағы құқыққорғаушылар конференциясында танысқандығын сотқа әңгімеледі. «Сол кезден бері біз негізінен әлеуметтік желілер арқылы хабарласып тұрамыз. Макс Боқаевпен де әлеуметтік желі арқылы таныспын. Оны алғаш рет шамамен бір жыл бұрын Алматыда жалғыз өзі наразылық акциясын өткізген кезде көрдім», -деп хабарлады Қибраев. Алайда, оның айтуынша, ол Аянмен жиі байланысып тұрған. Неліктен ол бұл уақытқа дейін көзқарасы бірдей және достық қарым-қатынаста болған адамға қарсы куәгерлік етіп тұрғанын сұраған прокурорға куәгер: «Өйткені шындық маңызды, мен шындықты айтуға тиіспін, өйткені сот залында ант бердім» деп жауап берді.
Әрі қарай ол биылғы мамыр айының бірінші жұлдыздарында Талғат Аянның өзіне Алматыға бірнеше күнге қонақ болып кеткенін айтты. Сол кезде ол Марлан Есілбаевпен танысқан. Қибраев «үшеуінің саунада демалғанын, ішімдік ішіп, жер реформасы мен өтуі мүмкін акциялар туралы талқылағанын» еске алды. «Сол кезде мен одан: ал егер біз 21 мамырда акция өткізсек не болады, бірақ билік жол бермейтін шығар? - деп сұрадым. Талғат: ондай жағдайда акциялар мерзімсіз болады, шатырлар, наразылық білдірушілер үшін тамақ керек болады деп жауап берді. Мен одан оған ақшаны қайдан табамыз деп сұрадым. Талғат: «демеушілер бар, олар маған және Максқа көмектеседі» деді. Ақша Талғаттың өзімен бірге болатын, ол құқыққорғау органдарының қудалауынан қауіптеніп, соманың бір бөлігін Марланға беруді ұйғарды. Менің бар білетінім осы».
Марлан Есілбаев, өз кезегінде, Талғат Аянның құққыққорғаушылық қызметіне көп уақыттан бері шынайы қызығушылық танытқанын және оның Атыраудағы сәуір митингісіне тікелей қатысушы екенін білгенін айтты. «Ол бұқаралық сипаттағы шараларды өткізу тәжірибесімен бөлісті, маған да бұл қызықты болатын. Сондықтан біз сөйлесіп тұратынбыз. Талғат қалай дұрыс үгіт жүргізу керектігін, фейк аккаунттарын ашуды, олар арқылы ақпарат таратуды әңгімеледі». Әрі қарай ол сотқа Аянның шынымен де оған долларлар бумасы салынған қара пакетті бергенін айтты. «Бұл қонақ үйден саунаға шығар кезде болды. Мен санамастан пакетті Талғаттың футболкасына орап, ноутбук салынған сөмкеге салып қойдым. Саунада Талғат маған бұл ақшаның Қазақстанның оңтүстігіндегі «бей-жай қарамайтын азаматтардан» екенін, оған қарай тұру керектігін айтты. Талғат үнемі арандатушылықтар мен жиілеп кеткен аңдудан қауіптенді. Кейінірек ақшаны ҰҚК қызметкерлері менің пәтеріме тінту жүргізу кезінде алды. Мен қорқып кеттім де, оның менің ақшам еместігін айттым».
Куәгерлереден жауап алғаннан кейін судья өтініштерді қарауға көшті. Содан кейін ертең таңертеңгі уақытқа дейін үзіліс жариялады. 20 қазанда әкімдік қызметкерлерінен жауап алынады, қай қызметкерлер екенін судья нақтыламады.
Марат ТАКУЛИН
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор