Атырау, 13 қазан 07:30
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Зорлық көрген балалар мен адам саудасының құрбандарына өтемақы төленбек

1 708 просмотра

Қылмыстық құқық бұзушылықтардан жәбір көргендердiң жекелеген санаттарына сот үкiмi шыққанша бiржолғы қаржылық өтемақы төлеу көзделiп отыр. Мұның құқықтық негіздерi «Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заң жобасында айқындалған. Бүгiн Мәжiлiстiң жалпы отырысында аталмыш заң жобасы бiрiншi оқылымда мақұлданды,- деп хабарлайды Baq.kz.

«Заң жобасында ақшалай өтемақының мөлшерлері белгіленуде, бұл құқық қорғау органдары тиісті іс-шараларды өткізгенше жәбірленушілерге бастапқы кезде көрсетiлетiн қолдау болады. Бұл өтемақыны прокуратура органдары кейіннен кінәлі тұлғадан алуы тиіс. Одан әрі кінәлі тұлғаның жәбірленушіге келтірген зиянды өтеуі сот тәртібінде жүзеге асырылады, яғни қолданыстағы тәртіп өзгермейдi», - деп баяндады ҚР Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов.

Өтемақы жәбірленушілерге зиянды өтеу қорынан төленедi. Оны құру қолданыстағы Қылмыстық - процесстік кодексте көзделген.

«Қордың жұмыс тетігі қазынашылықтағы бақылау шоты арқылы іске асырылады. Бұл ең үнемді схема. Бұл қаражат түсетін және жұмсалатын шот. Сондықтан, қорда заңды тұлға, бақылау органдары, әкімшілік шығыстар мен залалдар болмайды. Төлемдерді бақылауды қолданып жүрген тәжірибе бойынша қазынашылық жүргізетін болады.

Заң жобасына сәйкес қордың мынадай төрт қаражат көзі бар: 1) сот салатын тіркелген төлемдер; 2) процесстік міндеттерді орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алу; 3) түзеу жұмыстары бойынша түсімдер; 4) кінәлі тұлғадан өтемақыны регрестік қайтарып алу», - дейдi министр.

Жәбірленушілердің үш санаты айқындалған. Бiрiншi санат - сексуалдық зорлық-зомбылық көрген кәмелеттiк жасқа толмағандар, адам саудасы және азаптау құрбандары. Екіншісi - денсаулығына ауыр зиян келгендер және адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар. Үшінші санат - қайтыс болған жәбiрленушiнiң құқықтық мирасқоры.

«Өтемақының мөлшерлері заң жобасында айқындалған. Бiрiншi санаттағы жәбірленушілерге төлентiн өтемақы мөлшері – 30 айлық есептік көрсеткіш. Бұл 2016 жылғы айлық есептік көрсеткіш бойынша – 63630 теңге. Екiншi санаттағы жәбірленушілерге 40 айлық есептік көрсеткіш берiледi. Бұл – 84840 теңге. Үшiншi санаттығы жәбірленушіге – 50 айлық есептік көрсеткіш. Бұл – 106050 теңге. Өтемақы мөлшерi жәбірленушілер бойынша құқықтық статистиканың деректері негізінде айқындалған», - дедi министр.

Заң жобасында қордан төлемдерді төлеу тәртібі көзделген. Құқық қорғау органдары жәбірленушіге құқықтарын түсіндірiп, одан өтініш қабылдайды, одан кейiн өтемақы белгілейді және олардың тiзiмiн қазынашылыққа жібереді. Екi жыл iшiнде қорда ақша жинақталып, тек содан кейін ғана бастапқы төлемдер төлене бастайды.

Дереккөз: Baq.kz

19 қазан 2016, 11:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.