18 қазанда судья Гүлнәр ДӘУЛЕШОВА бүгінгі күнге белгіленген бейнебайланыс арқылы Тоқтар ТӨЛЕШОВТЫҢ істерін басқарушы бас маман Владимир ВОЛКОВТАН жауап алудың «оның Астанадағы басқа сот процесіне қатысуына байланысты» кейінге қалдырылатынын жариялады.
Ал сол кезде сотқа Талғат Аянның адвокаты Төлепқали АЯНОВ өтінішпен жүгінді. Ол куәгерлерден жауап алу тікелей Атырауда өтуге тиіс деп есептейді. Өтінішті адвокаттардың барлығы қолдады. Макс Боқаев:
– Өйткені бұл сотта біздің тағдырымыз шешіледі, бізді пайдакүнемдікпен айыптап отыр, бізді жалданушыға айналдырғылары келеді, - деп әсерлене қосып қойды.
Егер куәгерлер Атырауда болмаса, бұрынғыша бейнебайланыс бойынша жауап алынады деп, судья өтінішті қабыл алмады. Ол Астанадағы келесі куәгер Нұрғали ДОСЫМБАЕВТАН (кәсіпкер Төлешовтің қарауындағы бас директордың міндетін атқарушы) бейнежауап алуға көшкен кезде, Макс Боқаев «ауырып тұрмын!» деп айқайлап, судьядан үзіліс жасауға өтініш білдірді. Оған судья салқынқандылық танытып, «сотталушы Боқаев камераға ойнап, процесс жүргізуге кедергі келтіріп тұр» деп мәлімдеді. Алайда он минуттық үзіліс жарияланды. Осыдан кейін сот Боқаевсыз жалғасты – оның қарындасы әрі адвокат Жанаргүл БОҚАЕВА ағасын дәрігердің қарағанын, дәрі егіп, кем дегенде бірер сағатқа демалуы керек деп кеңес бергенін айтты. Ол сондай-ақ, гепатиттен басқа Макс Боқаевтың өтінде тас бар екенін, ол тергеу изоляторынан сотқа жеткізу кезінде шайқалу салдарынан асқынып кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұдан басқа, қорғаушылар тарапы сот тыңдауы салдарынан Боқаев пен Аянның абақтыда тамақты уақытында ішпейтіндігіне судьяның назарын аударып, тыңдау үшін анағұрлым қолайлы кесте ұйымдастыруды ұсынды.
Сәл кейінірек, Талғат Аянның аштық жариялағаны белгілі болды. Ол екі талап қойып отыр: біріншісі – Боқаевтың денсаулығының нашарлығына назар аудару, екіншісі – куәгерлерден жауап алуды тікелей Атырауда өткізу.
Түстен кейін аштық жариялаған Талғат Аян мен оны моралдық тұрғыда қолдаған Макс Боқаев судья мәлім етілген куәгерлерді Атырауға этаптау туралы шешім қабылдағанша, сот отырысы залына келуден бас тартты. Адвокат Төлепқали Аянов оқыған жазбаша шағымда Талғат Аян Гүлнәр Дәуешованың сот этикасын бұзып отырғанын және процесстің айқын айыптау жағына қарай жүріп жатқанын тағы да растаған. Шағымды тыңдаған судья сотталушылардың әрекеті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 346-бабының 2-тармағына* ілігетінін және сотты құрметтемеу ретінде қаралатынын айтты. Содан кейін Астана қаласының Есіл аудандық сотынан Нұрғали Досымбаевтан бейнежауап алу жалғасты. Алайда оған тек айыптау тарапы мен судья ғана сұрақтар қойды. Прокурорлардың Тоқтар Төлешовтың Атырауда өткен сәуірдегі «жер» митингісін ұйымдастыруға қатысы бар екені туралы біле ме деген сұрағына Досымбаев шефінің кеңес дәуірінен кейінгі елдердегі «түрлі-түсті төңкеріс» туралы жиі әңгімелегенін, Украина мен Қырғызстандағы осындай акцияларды ұйымдастырушыларының батылдығына сүйсінгенін айтты.
2015 жылдың желтоқсанында Шымкентте шеф Досымбаевты шақырып алып, оған 100 доллардан салынған 15 буманы, барлығы 150 мың долларды, сонымен қатар, пошталық DHL пакетіне салынған әлдебір құжаттарды беріп, Атырауға Талғат Аянға 100 мың мен құжаттарды жеткізіп, ал 50 мыңын әзірге өзінде қалдыра тұруын тапсырған. Досымбаевтың өзі, оның айтуынша, Аянмен кездеспеген, оған ақша мен қағаздарды өз көмекшісі Олжас БЕКБАУОВ арқылы беруді ұйғарған. Ал қалған 50 мыңды кейінірек тергеушілерге берген.
Бейнебайланыс арқылы сотта жауап алынған Досымбаевтан кейін Олжас Бекбауов өзінің бұдан басқа әнші және корпоративтерді жүргізуші екендігін және Атырауға тікелей емес, Ақтау арқылы баруды ұйғарғанын, ол жақта жаңа жыл алдындағы кешті өткізуді жоспарланғанын әңгімеледі. 100 мың доллар осы уақыт бойына оның жанында болған. Ақтаудағы жұмыстарын бітірген соң, ол Атырауға таңертең таксимен (жүргізушінің есімі, мемлекеттік нөмірі есінде қалмаған, тек маркасы – ескі «ауди) шығып, кешке жеткен. Сол жерде оған Досымбаев берген нөмір бойынша қоңырау шалып, тұтқаны көтерген адаммен кездесу туралы келісім жасаған.
Әлдебір мейрамхананың (атауы есінде жоқ) жанында кездесіп, өзін Талғатпын деген адамға ақша мен құжаттарды берген. Кейінірек ҰҚК-дегі жауап алу кезінде өзіне көрсеткен фотосуреттен Талғат Аянды таныған.
Бейнеконференция аяқталған кезде екі куәгерден алынған жауаптың толық жазбасын сотталушыларға көрсетуге тиіс болатын. Досымбаевтың бейнежазбасын олар көрді, ал Бекбауовтан алынған жауапты көрсете бастаған кезде, Боқаев бүгін тамақ ішу кестесінің бұзылғандығына наразылық танытып, өзін нашар сезініп тұрғанын және физикалық тұрғыда қарауды жалғастыра алмайтынын айтты. «Сіздер қараудан бас тартасыздар ма?» - деп сұрады судья. «Мен бас тартпаймын, бірақ денсаулығым маңыздырақ», - деп жауап берді Боқаев.
Осыған байланысты судья келесі күнге дейін үзіліс жариялады. Процесс ертең, 19 қазанда жалғасады.
«АЖ» анықтамасы:
*ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 346-бабының 2-тармағы («Басты сот талқылауында тәртiптi қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шаралар»):
Егер сот отырысы залынан сотталушы шығарылып жiберiлсе немесе ол істі сот талқылауына қатысудан бас тартса, төрағалық етуші соттың әрбір отырысының алдында одан өзі тәртіптемені сақтаған жағдайда, сот залында болғысы келетінін-келмейтінін анықтайды. Үкiм сотталушы қатысып отырғанда жариялануға, ал ол бұл ретте қатысудан бас тартқан кезде оған жарияланғаннан кейiн дереу қолхат алып хабарлануға тиiс.
Марат ТАКУЛИН
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор