Атырау, 13 қазан 07:27
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Сот биліктің Серік Ахметовке қарсы шағымын жартылай қанағаттандырды

2 212 просмотра

Фото: Forbes.kzҚарағанды соты бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбеков және Қарағанды қалалық тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы бастығы Айдос Жәкеновтен мемлекет пайдасына 148 миллион теңгеден астам қаржы өндіруге шешім шығарды. Бұлардың барлығы коррупцияға қатысты іс бойынша сотталған,- деп хабарлады Азаттық.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің аталған экс-шенеуніктерге қарсы шағымы жартылай қанағаттандырылды. Шағымданушы материалдық шығын ретінде 201 миллион теңге өндіріп беруді талап еткен. Әкім Серік Ахметов пен оның ісі бойынша сотталған бұрынғы бірнеше шенеунік мүддесін қорғаған делінген "СтальЦинк" компаниясының қызметі салдарынан "мемлекетке келген шығынды" 201 миллион теңге деп бағалаған. Шағымданушының пікірінше, компанияға иелік ететін Серік Ахметовтің ұлы көшеге қойылатын шамдарды негізсіз қымбаттатылған бағамен орнатып, оның салдарынан бюджетке шығын келген.

Сотталушылар мен олардың адвокаттары 17 қазанда шыққан сот шешімімен келіспейді.

- Біз апелляциялық шағым береміз. Мемлекетке материалдық шығын келтірілді дегенмен келіспейміз және бұрынғы ұстанымнан айнымаймыз. Біздің пікірімізше, шығын дәлелденген жоқ, - деді Бауыржан Әбдішевтің адвокаты Нұрлан Бақбергенов Азаттыққа. Әбдішев бұған дейін мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққан.

Ал Қазыбек би аудандық сотында Әбдішев, Адамбеков және Жәкеновтің үстінен берілген тағы бір азаматтық шағым бойынша сот тыңдауы аяқталды. Шешім қыркүйектің соңында шыққан. Билік бұрынғы шенеуніктерден істің "ЕуроСтандарт - Қарағанды" компаниясымен байланысты эпизоды бойынша мемлекетке келген шығын ретінде үш миллион теңге өндіруді талап еткен. Адвокаттар мемлекетке шығын келмегенін дәлелдеген. Бірақ шағымданушы - Қарағанды қалалық әкімдігінің мәдениет және демалыс парктерін және алаңдарды басқару басқармасы соттың ол шешіміне апелляциялық шағым берген.

Дереккөз: Аzattyq.org

18 қазан 2016, 11:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.