Атырау, 17 мамыр 07:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Астаналық мамандар лаңкестер шабуыл жасаған нысандарды аралайды

1 938 просмотра

Фото: inform.kzАстаналық мамандар маусымда лаңкестер шабуыл жасаған барлық нысанды аралап көреді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко (суретте) айтты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Ақтөбеге келген 200 астаналық маман кездесу жұмыстарын бастап кетті. Бүгін кәсіпкерлермен, ертең студенттер, оқушылармен тілдесу жоспарланған. Бас прокуратура, Ұлттық экономика, Дін істері және азаматтық қоғам, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрлері тілшілермен кездесіп, сұрақтарына жауап беріп те үлгерді. Астанадан келген мамандар Ақтөбені зерттеп, қылмыстың алдын алуға не кедергі екенін білмек екен. Елордалықтар елімізде алғаш Ақтөбеден басталған кешенді жұмыстың нәтижелі болатынына сеніп отыр. Тіпті, методикасын әзірлеп, өзге өңірлерде қолданбақ.

«5 маусым күні болған лаңкестік оқиға туралы айту әлі ерте. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жағдайды бақылап, мәселелер болса, осы жерде шешуге күш саламыз. Менің білуімше, маусымдағы лаңкестік оқиғадан кейін жергілікті жерде құқыққорғаушылар мен арнайы жасақ көптеген оқу-жаттығу өткізген. Лаңкестік жасалған жерлерді аралап көреміз. Бізге қару-жарақ дүкендері, әскери бөлімде бейнебақылау камералары орнатылды деп есеп берген. Антитеррорлық орталықпен бірге не өзгергенін қараймыз»,- дейді Андрей Кравченко.

Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға не себеп? Өңірге келген мамандар бұл сауалға жауапты кеңседе отырып емес, адамдармен кездесу барысында іздеп, мәселені шешпек. Тіпті, жат ағым жетегінде жүрген адамдармен, сотталғандармен де кездесу жоспарланған.

«Елімізде 199 антитеррорлық орталықтың штабы бар. Әрқайсысында 18 жедел топ жұмыс істейді. Дайындығына келер болсақ, олар лаңкестікке қарсы операция жүргізу дайындығын пысықтау үшін арнайы полигондарға барады. Сол жерде нақты тапсырмаға сәйкес жаттығады. Жергілікті жерде де осы жұмыс жүреді. Мәселен, биыл елімізде 800-ге жуық оқу-жаттығу өтті. Аймақтық деңгейде арнайы органдар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты нығайту үшін күш салып жатырмыз»,- дейді ҚР Антитеррорлық орталық штабының басшысы Жанат Сайполдаев.

Ал осыдан 15 күн бұрын құрылған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері халықпен кездесіп, мешіттерді қарап шықпақ. Имамдар оқытылып, пітір садақалардың мақсатты пайдаланылуы тексеріледі. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің вице-министрі Марат Әзілбаевтың айтуынша, бақылаусыз, иесіз қалған мешіттерге имам тағайындалады. Қажетті мамандарды олар арнайы оқытып, өңірге ала келді.

Дереккөз: BNews.kz

30 қыркүйек 2016, 09:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.