Атырау, 17 мамыр 09:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Лаңкестер тізіміне іліккен ағайынды Қожаниязовтар туралы ақпарат сараптамадан өтеді

2 500 просмотра

Фото: aktobetimes.kzЛаңкестер тізіміне іліккен ағайынды Қожаниязовтар туралы ақпарат психологиялық-филологиялық сараптамадан өтеді. Санат пен Самат Қожаниязовтар облыстық Ішкі істер департаментін сотқа беріп, 10 миллион теңге моральдық шығын талап етіп отыр, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

«Мен және менің ағам Самат Қожаниязов өмір бойы адал еңбек етіп келеміз. Өз қатарымыздан қалмай үйлендік, балалы болып, оларды тәрбиелеп отырмыз. Мұғалжар ауданы, Жағабұлақ ауылында тату-тәтті тұрамыз. Ел заңына қайшы келетін іс жасамадық, ешкімнің ала жібін аттаған емеспіз. 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында болған лаңкестік оқиға кезінде менің ағам Самат Қожаниязовты күдіктілер тізімінен табылды. Ол дерекке сүйенсек, ағам 19 күдіктінің бірі болып шықты. Ақпарат әлеуметтік желі, ақпараттық сайт арқылы тез тарап, ел ішін аралап кетті. Мен және менің отбасым, туған-туыс ағам үшін алаңдап, уайымдадық, қиналдық. Сол кезде Ақтөбе қаласындағы қарулы қақтығыс кезінде өлген күдіктілер арасында менің аты-жөнім шықты. Бұл үлкен соққы болды»,- деп жазған жәбірленуші Санат Қожаниязов өз арызында.

Іс материалдарына сүйенсек, Санат Қожаниязов әлі күнге дейін көшеге шыға алмайтынын, ауыл арасындағы қарым-қатынастың түзелмегенін айтқан. Санат Қожаниязов өз арызында ар-намысына кір келтірген облыстық Ішкі істер департаментінен 10 миллион, жергілікті газеттен 10 миллион теңге моральдық шығын талап етіп отыр.

Ағайынды Қожаниязовтардың қорғаушысы Төлеген Молдабековтың айтуынша, облыстық ІІД тарапы мен жергілікті басылымдардың бірі әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен қате ақпаратты теріске шығармаған. Соның салдарынан ағайынды екі жігітке көпшілік үреймен қарайтын көрінеді.

«Жалған ақпарат тарағалы олардың абыройына нұқсан келді. Екеуі де адал еңбек етіп, отбасын асырап отырған азамат. Олардың лаңкестерге түк қатысы жоқ. Ішкі істер департаменті болса, бұл ақпаратқа қатысты БАҚ арқылы ресми терістеме берген жоқ»,- дейді Т.Молдабеков.

Айта кетейік, сот шешімімен ағайынды Қожаниязовтарға қаншалықты нұқсан келгенін анықтау үшін психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалды. Сот отырысы сараптама қорытындысы шыққан соң жалғасады.

Еске салсақ, ақтөбелік ағайынды Қожаниязовтардың бірі лаңкес күдіктілер арасында, екіншісі қаза болғандар тізімінде жүр. Қанды оқиға болған күні Самат пен Санат Қожаниязовтар өздері тұратын Жаңажол ауылынан бір қадам аттап шықпаған. Бірі мектепте слесарь, екіншісі Жаңажол газ өңдеу зауытында шебер болып жұмыс істейді. Екеуі де өздері туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы біліп, жергілікті әкімдікке барып анық-қанығын анықтауды сұраған.

Самат Қожаниязов 1973 жылы туған. Ал оның інісі Санат Қожаниязов 1975 жылғы. Екеуі де Мұғалжар ауданы Батпақкөл селолық округінің Жаңажол ауылында тұрады.

Дереккөз: Bnews.kz

27 қыркүйек 2016, 09:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.