Атырау, 20 мамыр 00:22
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы аясында 15 мың жұмыс орны ашылады

2 964 просмотра

Фото: greenbelarus.infoҚазақстан мен Қытайдың индустриялық-инновациялық ынтымақтастығының аясында жалпы сомасы 26 млрд доллар болатын 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жұмыстың нәтижесінде заманауи технологияларға негізделген бірегей өндіріс құрылып, 2022 жылға қарай қазақстандықтар үшін 15 мың жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды BNews.kz.

Бірінші кезекте, Қытайдың әлемдік деңгейдегі маңызды әрі ірі инвесторлардың бірі екенін атап өткен жөн. Еуроодақтың дамыған елдері арнайы бағдарламалар әзірлеп, қытайлық инвесторларды тартады. Мұндай жағдайда Қазақстан да әлемдік трендтен қалмай, Қытайдан тікелей инвестиция тартуға қатысады.

«Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында индустрияландыру мен инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асып жатқан қазақстандық-қытайлық жобаларға қатысты негативті жарияланымдар шыға бастады. Бұл жерде атап өтетін жайт, мәселе қолданыстағы өндірісті көшіріп әкелу емес, керісінше, Қазақстанда заманауи озық қондырғыларды пайдалана отырып, жаңа өндіріс ошақтарын құру. Қазақстан-Қытай индустриялды-инновациялық ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 26 млрд. доллар болатын 51 инвестициялық жоба заманауи технологияны қолданатын бірегей өндіріс құруға мүмкіндік береді», - деп хабарлайды ҚР Инвестициялар және даму министрлігі.

Бұл жобалардың барлығы өңдеу секторы мен инфрақұрылым саласында жүзеге асырылмақ. Айталық, металлургия, мұнай мен газ өңдеу, химия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, көлік және логистика, жаңа технология мен халық тұтынатын тауарлар өндірісі қамтылады.

Бұл бағдарламаның ерекшелігі сол, өндірілген тауардың қомақты бөлігі Қытайдың және басқа да елдердің нарығына шығарылады.

Жалпы, Қазақстан үшін басты міндет – қазақстандықтар үшін жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу. Қазақстан-Қытай бірлескен индустриялық-инновациялық жобаларды тиімді жүзеге асыру 2022 жылға қарай қазақстандықтар үшін 15 мың жұмыс орнын ашуға жағдай туғызады. Қазіргі кезде іске асырылған жобалар аясында 600 жұмыс орны ашылған.

Жаңа өндірістер еліміздің барлық өңірлерінде дерлік ашылатын болады. Негізгі бөлігі 2016-2017 жылдары басталып, 2018-2022 жылдары аяқталады.

«Қазақстан жоғары технологиялық жаңа өндірістерге қол жеткізіп, жаңа жұмыс орындары мен салық түсімдерін алады, сондай-ақ қазақстандық мамандардың біліктілігін арттырып, дайын өнімдердің өтім нарығына қол жеткізеді. Ал Қытай өз халқы мен өндірісі мұқтаж тауарларға қол жеткізеді», - дейді министрліктегілер.

Дереккөз: BNews.kz

7 қыркүйек 2016, 10:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.