Атырау, 6 мамыр 07:57
 ашықВ Атырау +20
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Қытайға сапарым өте жоғары деңгейде өтті - ҚР Президенті

2 035 просмотра

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық журналистермен өткен брифингте Қытайға сапар барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен болған екіжақты келіссөздер қорытындысына жоғары баға берді,- деп хабарлады Қазақпарат.

«Менің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарым өте жоғары деңгейде өтті, әсіресе біз айтқан екіжақты қарым-қатынас мәселелерінің барлығына қытайлық тараптың ықыласы ерекше болды. Бірде-бір мәселе шешусіз қалмады. Біз бұрын келісе алмай жүрген Қазақстан аумағындағы заманауи кәсіпорындар құрылысы жайлы нақты келісім жасадық. Бұл тізім 51 нысанды қамтиды, оның екеуі салынды, төртеуі биыл 2,5 миллиард доллар қаражатқа салынады және 5 жыл бойы құны 26 миллард доллар болатын кәсіпорындар салынады», - деді ол.

Мемлекет басшысы ҚР мен ҚХР арасында мемлекет және компаниялар деңгейіндегі ортақ қорлардың жұмыс істейтінін атап өтті.

«Жібек жолы қоры жұмыс істейді, бұл жұмысты қолдау үшін банк құрылды және әрине, ең бастысы - екі ел арасындағы көліктік-коммуникациялық байланыс. Жыл сайын Тынық мұхиттан Қытай арқылы Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға Қазақстан арқылы жүк транзиті ұлғайды, Ақтау портын пайдалану да бірнеше есеге көбейді, мұндай динамика бұрын болмаған», деді Н.Назарбаев.

«Мұның бәрі «Қорғас» құрғақ порты құрылысының, «Қорғас-Алматы» үш жүз шақырымдық темір жол құрылысы аяқталуының арқасында, Қытай шекарасынан Каспийге дейін жететін темір жолдың, «Батыс-Қытай - Батыс Еуропа» автокөлік жолының арқасында жүзеге асты», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Қашаған ірі кен орны пайдалануға берілген соң, Қытайға энергия ресурстарын жеткізу мүмкіндіктерінің көбейетінін атап өтті.

«Қазір біз шамамен 7 миллион тонна жеткізудеміз, оны 20 миллион тоннаға дейін көтеруге болады және Қазақстаннан Қытайға газ жеткізуді де ұлғайтуға мүмкіндік бар», - деп, Елбасы энергетика саласына айрықша мән берді.

Екіжақты ынтымақтастықтың ең маңызды аспектісі ретінде Н.Назарбаев ауыл шаруашылығын атады.

«Ауыл шаруашылығында, бәрінен бұрын, алғаш рет Қытайға бидай, басқа да дәнді дақылдар, бұршақ, ет, құс өнімдерін жеткізу туралы келісімге қол жеткіздік. Енді ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге жол ашамыз», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қытай тәжірибесін үлгі етуі тиіс.

Дереккөз: Іnform.kz

5 қыркүйек 2016, 11:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.