Атырау, 7 мамыр 20:35
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Зейнетақы қорындағы ақша облыс әкімдеріне де үлестіріліп жатыр

2 054 просмотра

Миллиондаған тұрғынның қартайған шағына деп жинаған ақшасына енді облыс әкімдері қол жайып отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал жұрттың тірнектеп жинағанының аймақтардың жыртығын жамауға жұмсалатыны көптеген сарапшылардың түсінбеушілігін тудырып жатыр. Яғни, әу баста экономиканы әлдендіруге жұмсалады делінген ақша «әкімдерге тисе, талан-таражға салынуы мүмкін» деп алаңдап отыр.

Зейнетақы қоры төңірегіндегі дау ушықпаса басылатын түрі жоқ. Өткен аптада ғана қарттығым қамсыз өтсін деген жұрттың ақшасы қайда жұмсалатыны белгілі болған еді. Бірінші кезекте, қаржы нарығындағы жағдайды реттеп, шатқаяқтаған экономиканы аяққа тұрғызуға бөлінбек. Енді өздерінің салғырттығынан облыс әкімдері де зейнетақы қорына қол салуға мәжбүр болып отыр. Бұл көптеген сарапшылардың ашу ызасын тудыруда.

"Қазірдің өзінде СҚО әкімі салық жинай алмағандықтан 3 млрд сұрап алған. Оның үстіне ақша оларға елден ерекше 0,15 пайызбен беріліп жатыр. Бұл сұмдық қой. Жалпы әкімдікке берілген қаржы ешқашан тиімді жұмсалған емес. Қайда кеткенін білмейсің. Ертең әкімдердің бәрі ауысып кетеді барлығы жайына қалады", - дейді Қаржы қызметтерін тұтыну одағының төрағасы Айдар Әлібаев.

Жалпы, зейнетақы қорында жұрттың жылдар бойы жинаған 6 триллион теңгесі бар. Биыл соның бір жарым триллионын алу көзделген. Яғни 200 миллиард шағын және орта бизнесті қолдауға, 400 миллиарды ұлттық компанияларға, 500 миллиард шетел ақшасын сатып алуға және 350 миллиард бюджет тапшылығын жоюға бағытталған.

Бірақ, экономистер қазірдің өзінде ақша тиімді жұмсалмай жатыр дейді. Мәселен, ЭКСПО алаңында ойын сауық орталығын салу үшін 15 миллиард бөлінген. Бұл - тиімсіз инвеститция.

"Ойын-сауық орталығы ел экономикасын арттыра ма? Әрине, жоқ. Елдің ақшасын кәсіпкерлерге сеніп тапсырып жатыр. Жалпы олардың банкрот болмасына кім кепіл? Сосын біздің ақшамызды кім қайтарады?", - дейді Қаржы қызметтерін тұтыну одағының төрағасы Айдар Әлібаев.

Десе де, жоба мақұлданып зейнетақы қорынан қаржы бөлінді. Оны Қазақстан даму банкі пайызбен беріп отыр. Жалпы, банк төрағасы Болат Жәмішев зейнетақы қорындағы ақшаға еш алаңдауға негіз жоқ деп сендіріп отыр.

"Ақша бостан бос тұрмауы керек. Оны инвеститцияға салып, экономикаға өсім беруіміз қажет. Сонда халықтың жинаған қордағы ақшасы ешқашан құнсызданбайды. Оның үстіне мемлекетке де пайда. Ал, ақша қайтпай қалады деп қорқудың керегі жоқ", - дейді «Қазақстан даму банкі» АҚ басқармасының төрағасы Болат Жәмішев.

Осылайша үкімет есет-шотта босқа жатқан миллиардтарды пайдаланып, экономиканың өсімін арттырмақшы. Яғни ондаған зауыт пен тұрғын үй, жол, көпір салмақ. Әрі елге пайда әкелер жоба ұсынған кәсіпкерлерге де ақша үлестірілетін болады. Ал келер жылы қаржы нарығындағы қиын жағдай реттелсе, зейнетақы қорындағы қалған ақша ешқайда жұмсалмайды.

Дереккөз: nur.kz

18 тамыз 2016, 12:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.