Атырау, 13 мамыр 19:04
 бұлттыВ Атырау +11
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Рио-2016: Олимпиаданың он бірінші күні бокстан тағы бір қазақ баласы финалға шықты

2 753 просмотра

Фото: inform.kzБүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының он бірінші күні бокстан тағы бір қазақ баласы финалға шықты, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі бүгінгі күнге жасаған қорытындысында.

Олимпиаданың он бірінші күні де артта қалды. Бұл күн де қазақ жанкүйерлері үшін қазақ боксшыларының жарқын жетістігімен есте қалды. Кеше Данияр Елеусінов финалға шықса, бүгін тағы бір қазақ баласы Әділбек Ниязымбетов финалға жолдама алды. Бұ қазақ былғары қолғап шеберлері үшін үлкен нәтиже. Алайда, бүгін қазақ қоржынына медаль түскен жоқ.

Әңгімемізді бірінші боксшыларымыздан бастасақ. Бүгін шаршы алаңға бірінші болып, 51 келі салмақтағы Жайна Шекербекова көтерілді.

Бұл аруымыз жарысты бірден ширек финалдан бастаған болатын. Алғашқы қарсыласын еркін ұтқанда бірден Рио олимпиадасының медаліне қол жеткізуге мүмкіндігі бар еді. Өкінішке қарай ұтылып қалды.

Ол алғашқы жекпе-жегінде франциялық боксшы, Әлем чемпионатының вице-чемпионы Сара Урамуннан ұтылып, жарысты аяқтады.

Осыдан кейін, қазақтың "күміс" жігіті атанып кеткен Әділбек Ниязымбетовтің жекпе-жегінің куәсі болдық.

Ол жартылай финалда британиялық спортшы Джошуа Буатсиді ұтып, финалға өтті. Британиялықтан ұпай санымен басым түскен маңғыстаулық спортшымыз енді 3 дүркін Әлем чемпионы, кубалық Хулио Сезар Ла Крусмен жұдырықтасады. Айта кетейік, Жәнібек осыдан төрт жыл бұрын Лондон олимпиадасында да финалға өтіп, алтын үшін айқаста қарсыласына жол беріп, күміс жүлдегер атанған еді. Енді міне, Рио олимпиадасында екінші рет финалға шықты. Биыл сол күмісін алтынға айырбастайды деген үміттеміз.

Одан кейін рингке аса ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычко көтеріліп, нигериялық Эфе Аджагбаны жарыс жолынан тайдырып, жартылай финалға жолдама алды.

Енді өзге де спорт түрлеріне қысқаша тоқталып өтейік. Бүгін ерлер арасында 10 шақырымға жүзу марафоны өтті. Онда ел намысын арқалап келген жерлесіміз Виталий Худяков жарыс ережесін бұзып, оны төрешілер жарыстан шығарып жіберді.

Ал қыздар арасында байдарка және каноэда 500 метрге жұптасып есу сайысында Ирина Подойникова мен Наталья Сергеева финалда 1:48,361 уақытпен мәре сызығын 7-ші болып кесті. Алайда, бұл көрсеткішпен жүлдеге іліге алмады.

Сондай-ақ, бүгін байдаркада 200 метрге жекелей есу жарысынан өткен додада Инна Клинова жарысты ең соңғы болып аяқтады. Қазақстандық ескек есуші «А» финалында 200 метр қашықтықты 41, 52 уақытпен жүзіп өтті.

Ал жеңіл атлеттер арасында кедергімен 100 метрге жүгіру сайысынан сынға түскен жерлестеріміз де ел үмітін ақтай алған жоқ. Онда қазақстандық Анастасия Пилипенко 100 метрді 13.29 секундта жүгіріп өтіп, жалпы есепте 39-орынға табан тіреді. Осылайша бүгінгі жарыс күні тек, қазақ боксшыларының жеңістерімен аяқталды.

Бүгін Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен 15-орыннан 17-орынға сырғыды.

Дереккөз: Іnform.kz

17 тамыз 2016, 09:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.