Атырау, 13 мамыр 21:54
 бұлттыВ Атырау +11
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Рио-2016: Олимпиаданың онынышы күні қазақ қоржыны 1 күміс, 1 қола медальмен толықты

2 876 просмотра

Фото: Фото: Vesti.kzРИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының оныншы күні Қазақстан қоржынына 1 күміс, 1 қола медаль түсті, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі бүгінгі күнге жасаған қорытындысында.

Олимпиаданың оныншы күні де артта қалды. Бұл күні медальдармен бірге әттеген-айымыз да болғаны жасырын емес.

Ең әуелі әңгімемізді жетістігімізден бастайық. Бразилия уақытымен сағат 18:00-де бокс өтетін стадионға қарай бет бұрдық. Адамның көптігінен болар, көрермендер кіретін есіктен емес, арнайы журналистер кіретін есіктің өзінде ұзақ сонар кезек басталды. Себебі, шаршы алаңға бір емес қазақтың екі былғары қолғап шебері шығайын деп жатыр. Бірі Рио Олимпиадасының алтынына таласса, екіншісі финалға шығу үшін жекпе-жегін өткізбек.

Не керек, бокс өтетін стадионға кіріп келсек ине шаншар орын жоқ. Қазақстандық жанкүйерлердің де қарасы қалың.

Бірінші Данияр Елеусінов шаршы алаңға шықты. Зал біткен қол шапалақтап, «Қазақстан, Қазақстан» деп ұрандатты. Тіпті, біз мүлдем танымайтын, білмейтін өзге елдің өкілдері де «Қазақ, қазақ» деп айғайлап жатты. Данияр бірінші раундта қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Екінші раунд енді басталғаны сол еді, қарсыласы басымен Даниярдың шекесінен оңдырмай сүзіп қалды. Осы сәтте біздің боксшының қабағы жарылып, қан бұрқ ете қалды. Төреші, қазақ боксшысының қарсыласына ескерту жасап, жарысты тоқтатты. Ары қарай дәрігерлер қарап көрді де жерлесімізге жарысты жалғастыруға рұхсат бермеді. Нәтижесінде төреші бокста рұхсат етілмеген әрекетті пайдаланғаны үшін Даниярдың қарсыласын жарыс жолынан тайдырып, жеңісті қазақ боксшысына сыйлады. Осылайша Данияр Елеусінов финалға жолдама алды.

Кезек Левитке де келіп жетті. Зал толы тағы да «Қазақстан, Қазақстан» деп ұрандатты. Бірінші раундтан жарыс аяқталғанша бұл «ұран» толастаған жоқ. Қазақстандық боксшы да жанкүйерлерінің қолдауын сезінсе керек, әр раунд сайын қарқынын үдетіп, қарсыласын ауыр соққыларымен бұрыштан-бұрышқа тықсырумен болды. Алайда, жекпе-жек аяқтап, төреші жеңімпаздың қолын көтерген де, ешкім күтпеген, ешкім ойламаған жағдайға тап болдық. Төреші ресейлік боксшы жеңімпаз деп санап, соның қолын көтерді. Әділдікті белден басқан төрешілерге залда қарғыс жаудырмаған адам болмаған шығар бәлкім. Қасымызда отырған өзге елдің көрермендері төрешілерге саусағын шошайтты, қазақ жанкүйерлерінің қолын алып қолдауларын білдірді. Міне, осыдан-ақ, кімнің жеңімпаз екенін анық көруге болатын шығар...

Міне, осылайша Василий Левит жеңіп тұрып, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Егер, Ресей бұл алтынды осылай «қараңғылық» жолмен алмағанда бокс құрамасы алтынсыз қайтатыны анық еді. басқа бірде-бір боксшылары финалға жете алмай қалған еді.

Бокс аяқтала сала, ауыр атлеттер өнер көрсетіп жатқан стадионға жүгірдік. Бағымызға жарай ол жерден де бір медаль бұйырды. 105 келіде ел намысын қорғаған қызылордалық қыранымыз Александр Зайчиков қоржынымызға тағы бір қола жүлде сыйлады. Осылайша бүгін қазақ елі Риода бір күміс, бір қолаға қол жеткізді.

Енді өзге спортшылармызға қысқаша тоқталып өтейік. Кеше, грек-рим күресінен екі балуанымыз жарысты жүлдесіз аяқтаған соң, бүгін Нұрмахан Тінәлиевтың жолына үмітпен қарадық. Өкінішке қарай алыбымыз барлық жанкүйерлерін жерге қаратты. Ол 1/8 финалда германиялық Эдуард Поптан ұтылып қалды.

Сондай-ақ, 1000 метрге байдарка және каноэда жекелей есу сайысында қазақстандық Илья Голендов келесі кезеңге өте алмады. Осы сында өнер көрсеткен тағы бір спортшымыз Тимур Хайдаров жарыс жолынан шығып қалды.

Ал байдаркада 500 метрге жұптасып есу сайысында Ирина Подойникова мен Наталья Сергеева финалға шықты. Олар жартылай финалда 1:43,577 уақытпен мәре сызығын үшінші болып кесті. Осылайша, Подойникова мен Сергеева байдаркада 500 метрге жұптасып есу сайысының финалына өтті.

Сонымен қатар кедергімен 400 метрге жүгіруде қазақстандық жеңіл атлет Дмитрий Коблов келесі кезеңге өте алмады. Ол іріктеу жарысында 400 метрді 49.87 секундта жүгіріп өтті. Осылайша, ол жалпы командалық есепте 32-ші орынға тұрақтады.

200 метрге жүгіру сайысына сынға түскен Виктория Зябкина мен Ольга Сафронова жартылай финалға шыға алмады.

Сонымен қатар 200 метрге алғашқы кезеңнің алтыншы жүгіруінде Виктория Зябкина 23,34 секундпен 7-ші орынға ие болды. Ал Ольга Сафронова іріктеу кезеңінің тоғызыншы жүгіруінде 4-ші орыннан көрінді.

Жерлесіміз 200 метрді 23,29 секундта бағындырды. Осылайша, қазақстандық жеңіл атлеттер Рио Олимпиадасын жүлдесіз аяқтады.

Енді, қайтадан бүгінгі боксшыларымызға оралсақ. Бүгін екі боксшымыздың бірі күміс олжаласа, бірі финалға шықты. Алайда, түстің алдындағы сессияда жұдырықтасқан екі боксшымыз Рио Олимпиадасындағы жарыстарын аяқтаған болатын. Олар 52 келіде өнер көрсеткен Олжас Сәттібаев пен 75 келідегі шаршы алаңға шыққан Жәнібек Әлімханұлы болатын.

Олжас Сәттібаев 1/8 финалда әзербайжандық әлем чемпионы Эльвин Мамишзадан ұтылып қалды. Үш раундта да төрешілер жеңісті әзербайжан боксшысына берді. Осылайша, Олжас Сәттібаев ширек финалға шыға алмады.

Ал Жәнібек Әлімханұлы ширек финалда әзербайжандық Камран Шахсуварлыдан жеңіліп қалды. Осылайша, Олимпиаданың оныншы күні де артта қалды.

Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді ауыр атлет Фархад Харки ұтты. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.

Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, Олимпиаданың бесінші күні екі спортшымыз - ауыр атлет Нижат Рахимов және 200 метр қашықтыққа жүзуден Дмитрий Баландин екеуі алтын жеңіп алды.

Ал осы күні әйелдер арасында сынға түскен ауыр атлет қазақтың қызы Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанған еді.

Кеше Қазақстан қоржынындағы медальдар санын Ольга Рыпакова тағы бір медальмен яғни, сегізінші жүлдемен толықтырса, бүгін Василий Левит үшінші күмісті жеңіп алды. Ал ауыр атлет Александр Зайчиков қола медаль жеңіп алды.

Бүгін Қазақстан құрамасы жалпы есепте 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен жалпы есепте 15-орынға көтерілді.

Дереккөз: Іnform.kz

16 тамыз 2016, 10:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.