Атырау, 11 мамыр 12:48
 ашықВ Атырау +20
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Рио-2016: Олимпиаданың тоғызыншы күні қазақ қоржыны тағы бір медальмен толықты

2 367 просмотра

Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының тоғызыншы қазақ қоржыны тағы бір медальмен толықты, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі бүгінгі күнге жасаған қорытындысында.

Олимпиаданың тоғызыншы күні Қазақстан қоржынына төртінші қола медаль түсті. Оны үш қарғып секіру сайысынан сынға түскен жеңіл атлетіміз Ольга Рыпакова жеңіп алды. Ол осыдан тура төрт жыл бұрын Лондон Олимпиадасында бас жүлдені қанжығасына байлаған еді. Бұл жеңіс - бүгінгі күннің басты жаңалығы болып есте қалды.

Ал бүгін грек-рим күресінен бір емес, екі бірдей балуанымыз жарыс жолына шыққан болатын. Өкінішке қарай екеуі де Рио Олимпиадасының медалінен құр қалды.

Алмат Кебіспаев алғашқы іріктеу сындарында бірінші Грузия балуаны Зураб Датунашвилиді 2:0 есебімен жеңген болатын. Алайда, екінші кездесуінде яғни 1/8 финал бойынша сайыста ол жапон балуаны Шинобу Отадан 6:0 есебімен ұтылды.

Кейін, жапониялық балуан Шинобу Ота финалға шығып, нәтижесінде одан жеңілгендер жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған еді. Кебісбаевқа бұл үлкен мүмкіндік еді.

Ол жұбаныш белдесуінде бірінші алты дүркін әлем чемпионын, бір дүркін Олимпиада чемпионын ұтып, мадальға жақындай түсті. Өкінішке қарай ол қола медаль үшін соңғы шешуші сында норвегиялық балуаннан ұтылып, Рио Олимпиадасын жүлдесіз аяқтады.

Ал екінші балуанымыз 75 келі салмақта сынға түскен Досжан Қартықов ширек финалдан өте алмай, ол да жүлдеден тыс қалды.

Ал бүгін бокстан әйелдер арасындағы жекпе-жектер бәсекесінде 75 келідегі қазақстандық аруымыз Дариға Шәкімова алғашқы айқасын өткізіп, келесі айналымға өтті. Ол әлемнің екі дүркін жеңімпазы канадалық А. Фортинмені 2:1 есебімен жеңіп кетті. Осылайша Шәкімова алғашқы олимпиадасындағы бірінші жеңісіне жетіп, ары қарай жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Одан кейін кешке қарай Қайрат Ералиевтың жекпе-жегінің куәсі болдық. Ол өзбек боксшысы Муроджон Ахмадалиевтен ұпай саны бойынша ұтылып қалды. Жасырары жоқ, жекпе-жек өте тартысты өтті. Бүкіл жанкүйерлер қазақ боксшысы жеңді деп ойлаған болатын. Себебі, техникалық жағынан болсын, физикалық жағынан болсын Ералиев қарсыласынан сәлде болса басымдығы көрініп тұрды. Алайда, айқас аяқтағаннан кейін, төреші өзбек боксшысының қолын көтеріп, соны жеңімпаз деп тапты.

Қайрат Ералиев жекпе-жектен кейін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «мен бүгін төрешілердің құрбаны болдым» деп мәлім етті.

Ал боксшыларымыздан соңғы болып, шаршы алаңға шыққан Әділбек Ниязымбетов қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалға өтті.

Ол бүгін ширек финалда әзербайжандық Теймур Мамедовтан айласын асырып кетті. Есеп: 3:0. Енді Әділбек Ниязымбетовты жартылай финалда ұлыбританиялық Джошуа Буатсимен жекпе-жек күтіп тұр. Бұл боксшылар арасындағы кездесу 17 тамызда өтеді.

Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді қоржынға ауыр атлет Фархад Харки салды. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.

Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, Олимпиаданың бесінші күні екі спортшымыз - ауыр атлет Нижат Рахимов және 200 метр қашықтыққа жүзуден Дмитрий Баландин екеуі алтын жеңіп алды.

Ал осы күні әйелдер арасында сынға түскен ауыр атлет қазақтың қызы Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанған еді.

Міне, бүгін Қазақстан қоржынындағы медальдар санын Ольга Рыпакова тағы бір медальмен яғни, сегізінші жүлдемен толықтырды.

Осылайша Қазақстан Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында жалпы есепте 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медальмен 16-орынын сақтап қалды.

Дереккөз: Іnform.kz

15 тамыз 2016, 09:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.