Атырау, 11 мамыр 11:35
 ашықВ Атырау +20
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Рио-2016: Олимпиаданың бесінші күні алтын жауды

3 630 просмотра

Нижат Рахимов. Суретті түсірген Ізтұрған АлдауевРио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарынының бесінші күні қазақ спортшыларына алтын жауған күн ретінде есте қалды, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.

Алаштың арманы орындалған күн

Қанша жылдан бері армандаған "Қазақ қыздарынан олимпиада жүлдегері қашан шығады?" деген сұраққа бүгін Жазира Жаппарқұл жақсы көрсеткішімен жауап берді. Қазақтың қараторы қызы төрткүл дүниеге өз есімін әйгіледі. Тек өз есімін ғана емес, қазақ қыздарының құдыретін сезіндірді. Себебі, Жазираның күмісі алтынға бергісіз еді. Қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет Олимпиада жүлдегері атанып, есімі тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды.

Бүгін барша қазақ елі көгілдір экранға көз тігіп, Жазираның жарысқа шығатын уақытын асыға күтті. Ал Жазира сол жанкүйердің үмітін толығымен ақтады. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 259 келі зілтемірді басынан асыра көтеріп, Рио Олимпиадасының күміс медалін еншіледі.

Ал екінші ауыр атлетіміз 77 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нижат Рахимов Жазирадан кейін көп ұзамай жарыс жолына шығып, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды. Кеше Алексей Ни "ертең 1 алтын, 1 күміс аламыз" деп сұхбат беріп еді. Сөзінде тұрды. айтқаны келді.

Күтпеген олжа

Дмитрий Баландин. Фото: AFPБүгін жүзуші Дмитрий Баландин 200 метрден алтын алады деп ешкім күтпегені анық. Тіпті, көп адамдар үздік үштікке де ілінеді деп ойлаған жоқ. Риода түн қараңғылығы қоюлана бастағанда, "Баландин алтын алды" деген сүйінші хабар аспанды нұрландырып жібергендей болды. Себебі, жүзу спортынан бұған дейін ешкім Олимпиада ойындарында медаль алып көрмеген еді. Ал Дмитрий Баландин сол олқылықтың орнын толтырды. Сонымен бүгін күтпеген жерден суға брасс әдісімен жүзуші Дмитрий Баландин қоржынымызға екінші алтынды салды.

Осы жетістіктерден кейін, Қазақстан құрамасы жалпы есепте кешегі 31-орыннан бірден 11-орынға бірақ көтерілді.

Левиттың қарқыны қатты, Біржан жарысты аяқтады

Бүгін екі боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. Оның алғашқысы осы Олимпиада ойындарындағы салмағы ең жеңілі болса да, жасы ең үлкені Біржан Жақыпов болатын. Сондай-ақ, боксшылардың ішіндегі ғана емес, жалпы спортшылардың арасындағы ең көп Олимпиадаға қатысқан тәжірибелі спортшы да осы Біржан еді. Ол осыған дейін 2008 жылы Бейжің, 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысты. Бұл Рио оның үшінші Олимпиадасы еді. Сондықтан болар, бокс жанкүйерлері биыл Біржаннан кемінде қола медаль күткені анық. Өкінішке қарай, бұл боксшымыз осымен үшінші Олимпиадасында ширек финалдан ары аса алмады. Бүгін ол өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовтан ұтылып қалды. Бұл Біржанның ең соңғы Олимпиадасы болары сөзсіз. Енді жолын өзінен кейінгі жастарға тапсырады деген үміттеміз...

Сондай-ақ, бүгін 91 келідегі Василий Левит шаршы алаңға екінші мәрте көтерілді. Ол ширек финалда маврикийлік Кеннеди Сен Пьерді жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Бірінші раундтан бастап, Василий Левит тізгінді өз қолында ұстады. Есеп - 3:0 (30:27, 30:27, 30:27. Нәтижесінде Василий Левит Рио Олимпиадасының жартылай финалына өтті. Міне, бұл төртжылдық доданың жеңіс тұғырына шығуға бір баспалдақ қалды деген сөз. қазірге қарқыны жаман емес. Левит қоржынға бір медаль салды. Ол алғашқы кездесуінде қытайлық Юй Фенкайды аямай сабап, жарыс жолынан шығарған болатын.

Құралайды көзге атқан қазақтың ұрпағымыз деп мақтанып жүрсек....

Бүгін тапаншамен нысананы ату сайысынан да ел намысы сынға түсті. Онда "Құралайды көзге атқан қазақтың ұрпағымыз" деп мақтанатын елдің спортшылары көңілге қонымды нәтиже көрсете алмады. Біздің елдің атынан сынға түскен Рашид Юнусметов пен Владимир Исаченко жарысты тым ерте аяқтады. 50 метрде тапаншадан оқ ату сайысының іріктеу кезеңінде екі спортшы да межелеген ұпайды жинай алмады. Рашид Юнусметов 553 ұпаймен 13-ға орынға табан тіресе, екінші мергеніміз Владимир Исаченко 536 ұпаймен 36-шы орыннан әрең көрінді.

Бабаларымыз ат үстінде шауып келе жатып, садақ атты десе кім сенеді? "Біздің бабаларымыз мерген болған. Ат үстінде шауып келе жатып, садақ атты деп мақтансақ, бұдан былай ешкім сенбесі анық. Оған бүгін куә болғандаймыз. Садақ ату жеке сайысында сынға түскен қазақстандық спортшы Луиза Сайдиева да алғашқы айналымнан өте алмады. Ол садақ ату сайысының 1/32 финалында украиналық Анастасия Павловадан жеңіліп қалды. Есеп 0:6. Осылайша, жерлемесіз Рио Олимпиадасын жүлдесіз аяқтауға мәжбүр болды.

Велоспорттан да үмітіміз үзілді

Бүгін велошабондоз Андрей Зейц аламанда Олимпиада ойындарын небәрі 24-орында аяқтады. Велоспорттан өткен сайыста Андрейге 54,5 қашықтықты бағындыру қиынға түсті. Ол осы қашықтықты 1:18:47 уақытпен жүріп өтіп, жалпы есепте мәре сызығын 24-ші болып кесті.

Қылыш алып жауға шапқан елдің ұрпағы семсерлесуден де ұтылып қалды

Бүгін семсерлесуден сынға түскен отандасымыз Илья Мокрецов 1/16 финлда америкалық Дэрил Гомермен кездесіп, қарсыласына жол берді. АҚШ спортшысына 11:15 есебімен жеңілген азаматымыз Рио Олимпиадасындағы жарысын жүлдесіз аяқтады. Қылыш алып жауға шапқан елдің ұрпағы семсерлесуден алғашқы айналымнан өтпей жатқаны көңілге кірбің ұялатары сөзсіз. Осылайша, бүгін қуанышқа да, көңіл толмас көрсеткіштерге де куә болдық. Енді ертеңгі күніміз де жеңістерге толы болсын деп тілейік.

Дереккөз: Іnform.kz

11 тамыз 2016, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.