Атырау, 10 мамыр 18:05
 ашықВ Атырау +9
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Зейнетақы қорындағы қаражатты қалай шешіп алуға болады?

5 371 просмотра

Ұлттық бірыңғай зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын қалай шешіп алуға болады? Бүгін Алматыда Ұлттық банк төрағасының қатысуымен өткен кездесуде бұл мәселе тағы қылаң берді. Жинақталған ақшасын салымшыға баспана алу үшін, емделу үшін немесе білім алу үшін неге бермеске деп ұсыныс тастаған бас банкир, бұл ойынан айнып қалғандай,- деп хабарлады BNews.kz.

Зейнетке шықпай тұрып, ұлттық бірыңғай зейнетақы қорындағы қаражатты уақытша қолдану мүмкіндігі жалдамалы пәтер босағасынан сығалап жүрген отбасыға баспана алуға, гранттан қағылған талапкерге несиеге жүгінбей жоғарғы оқу орнына түсуге мұрсат берер еді. Алайда бұл сұрақты жан-жақты талқылап жатырмыз деген Ұлттық банк төрағасы, алған бетінен қайтып қалған сияқты. Себебі бүгін ол мемлекеттің бастапқы мақсаты тұрғындарымызды қартайған шағында мұқтажсыз кәрілікпен қамтамасыз ету екенін айтты.

«Бірінші кезекте бұл қартайған шағын қамтамасыз ете алатын, жинағы жеткілікті адамдарға қатысты. Яғни бұл сұрақты салымшының жинағы қажетті көлемнен артып жатқанда ғана қарастыруға болады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тұрақтылықты қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Адамдар бұл мүмкіндікті қолданамыз деп, зейнетке шыққанда тақырға отырып қалмауы қажет», - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы ДАНИЯР АҚЫШЕВ.

Десе де Данияр Ақышев зейнеткерлік демалысқа шықпай тұрып, зейнетақы қорында жинақталған ақшаны алудың өзге жолын ұсынды. Оның айтуынша, қордағы қаражатты сақтандыру компаниясына аударып, зейнетақы аннуитеті туралы келісімшарт жасауға әркімнің құқығы бар. Оны әйелдер 50 жастан, ал ерлер 55 жастан бастап рәсімдей алады. Алайда бұл үшін жинақтаған ақшаңыз белгілі бір сомадан асуы керек.

«Сіз зейнетке ерте шығуға құқылысыз, алайда ол үшін ерлер 6 миллион, ал әйелдер 8 миллион теңгеге жуық ақша жинауы керек. Тек осы жағдайда ғана сақтандыру компаниясы сізбен келісімшартқа отырады. Сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат мұраға қалдырылса, сақтандыру компаниясында мұндай шарт жоқ. Егер адам зейнетақы аннуитеті туралы келісімшарт жасап, 1 жылдан кейін дүниеден озып кетсе, қаражаты жақындарына берілмейді», - дейді сақтандыру компаниясы төрағасының орынбасары Владимир Акентьев.

Дереккөз: BNews.kz

5 тамыз 2016, 10:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.