Атырау, 13 мамыр 23:57
 ашықВ Атырау +16
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банкіге теңге бағамына қатысты жағдайды түсіндіру жұмысын жалғастыруды тапсырды

2 734 просмотра

Фото: akorda.kzМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Д.Ақышев Мемлекет басшысына Ұлттық банктің ағымдағы қызметі, ақша-несие саясатының басты бағыттары туралы, сонымен қатар елдің қаржы нарығындағы ахуал туралы баяндады.

Елбасы ішкі валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз ету, республиканың банкі жүйесін дамыту және екінші деңгейлі банктер арқылы экономиканы несиелендіру көлемін арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттілігіне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ теңге бағамымен байланысты жағдайға қатысты тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

- Еркін айырбас бағамын енгізу туралы шешім дұрыс болды. Алайда, қазір белгілі келеңсіз жағдайлар орын алуда және оның себептерін тұрғындарға түсіндіру қажет, - деді Елбасы.

Ұлттық банктің төрағасы ұлттық валютаның долларға қатысты бағамының әлсіреуіне әсер еткен факторларды айтып өтті.

- Биылғы алғашқы алты айда мұнай бағасы барреліне 27-ден 52 долларға қымбаттады, алайда шілдеде 52-ден 42 долларға -15%-ке арзандады. Барлық шикізат экспорттайтын дамушы елдерде осындай жағдай орын алды. Олардың ұлттық валюталары Қазақстандағы сияқты бекіп, кейіннен 2-3%-ке төмендеді. Шілдеде теңге шартты түрде 4,2%-ке әлсіреді, бұл қалыпты өзгеріс деп санаймыз. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды. Алдағы уақытта бағам қандай да бір жағдайларға байланысты өзгереді деп күтілмейді. Теңгенің еркін айырбас бағамы жағдайындағы 2016 жылғы шілдедегі тербелісі ішкі экономикалық тұрақтылық үшін ешқандай қауіп төндірмейді, - деді Д.Ақышев.

Бұдан бөлек, Ұлттық банктің төрағасы елдегі инфляция үдерістерін ұстап тұру бойынша жүргізіп жатқан жұмыс туралы мәлімдеді.

- Жыл басынан бастап инфляция өсімі 5,2%-ті құрады. Осы көрсеткіште 2015 жылғы қыркүйек-қараша айларында баға тез өскен кезеңдегі бағамның түзету әсері қарастырылған. Бұл әсер енді артта қалды. Жылдың қорытындысы бойынша біз үкімет көздеген 6-8% инфляциялық дәлізге қол жеткіземіз деген сенім бар, - деді Д.Ақышев.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.

Дереккөз: Аkorda.kz

3 тамыз 2016, 16:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.