Атырау, 12 қазан 03:22
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

А.Мұхамедиұлының адвокаты: режиссер Талғат Жәнібеков күмәнді мәліметтер таратып отыр

1 657 просмотра

Режиссер Талғат Жәнібеков күмәнді мәліметтер таратып отыр. Бұл туралы Арыстан Мұхамедиұлының адвокаты Искандер Әлімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«2016 жылдың 12 шілдесінде Интернет желісінің бірнеше сайтында бейнероликпен қоса материал жарияланып, онда өзін режиссер Талғат Жәнібеков деп таныстырған азамат Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және аталмыш ведомство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы мырзаның жұмысына қатысты шындыққа жанаспайтын мәліметтер таратты. Сонымен бірге, аталмыш бейнероликте Мұхамедұлы мырзаның заңсыз әрекеттерін «бүркеуде» деп, Қазақстан Республикасы «билік өкілдерінің» жұмысын сынға алған. Аталмыш материалдарда бейнероликтің қысқаша мазмұны, сондай-ақ Т.Жәнібековтың роликтегі мәлімдемесіне пікірлер мен бағалау ұсынылған. Т.Жәнібековтың айтуынша, өзі түсіріп жатқан «Феникс» фантастикалық көркем фильмінің өндірісі қазіргі таңда А.Мұхамедиұлының кінәсінен заңсыз тоқтап қалған. Сонымен қатар Т.Жәнібеков Қазақстан Республикасының сот қызметіне күмәнмен қарайды. Сондай-ақ роликте басқа да шындыққа жатпайтын ақпарат айтылады. Біз Т.Жәнібеков таратып отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттік билік органдарына және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының әрекеттеріне баға берген мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. А.Мұхамедиұлы болса бұзылған құқығын заңда белгіленген тәртіпте қалпына келтіру үшін қажетті іс-әрекеттер жасамақшы», – делінеді адвокаттың таратқан баспасөз баянында.

Сонымен қатар, Искандер Әлімбаев Т.Жәнібековтың жекелеген сөздерін тікелей жоққа шығаратынын айтады.

«Атап айтқанда, ол «Феникс» фильмін жасау туралы Голливудтың «Aldamisa Entertainment» компаниясымен келісімге қол қойылғанын мәлімдейді. Шындығында «Қазақфильм» АҚ-ы «T.K.TURAN UNIVERSAL BUSSINES» ЖШС-мен және ресейлік «Альдамиса РУС» ЖШҚ-мен келісім жасасқан. «Альдамиса РУС» Ресейде тіркелген, 10 000 Ресей рублі көлемінде жарғылық капиталы бар және аталмыш ЖШҚ-ның жалғыз қатысушысы азамат А.Е.Савостьянов болып табылады. Осыған байланысты Т.Жәнібековтың әлемдік танымал компаниямен жұмыс жасайтындығы туралы мәліметі жалған. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің салық төлеушілердің 450 000 000 (төрт жүз елу миллион) теңгесін заңда қарастырылмаған тәртіпте аудара алмайтындығы заңды. Аталмыш жәйттер сот ісіне түрткі болып, нәтижесінде «Альдамиса РУС» ЖШҚ және басқа да қуынушылардың талаптары негізсіз деп танылғанын барлық мүдделі тұлғалардың назарына жеткіземіз. Т.Жәнібековтың шағымдарын құқық қорғау және сот органдары тексеріп, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің жұмысынан заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Сонымен қатар «Феникс» кинофильмінің өндірісі және сот тексерісіне дейін кино түсіруге бөлінген 100 000 000 (жүз миллион) теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражаттың қалай игерілгенін қазіргі таңда өкілетті құрылымдар тексеріп жатыр», – деді Мұхамедиұлының адвокаты.

Дереккөз: BNews.kz

28 шілде 2016, 09:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.