Атырау, 11 қазан 21:24
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

А.Мұхамедиұлының «откат» дауына адвокаты араласты

2 179 просмотра

Түсіру жұмыстары тоқтап тұрған «Феникс» фильмінің режиссері Талғат Жәнібековтің мәлімдемесіне қатысты дауға Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Ескендір Әлімбеков араласты, деп хабарлайды BNews.kz.

«Талғат Жәнібеков Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары мен ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қызметіне баға бере отырып, мәлімдеме жасаған болатын, ондағы мәліметтер шындыққа жанаспайтынын растаймыз. А.Мұхамедиұлы бұзылған құқығын заң жүзінде қалпына келтіруге ниетті. Сонымен қатар, министр Т.Жәнібековтің кей сөздерін тікелей жоққа шығаруға мәжбүр болып отыр», - деп атап өтті адвокат.

Мысалы, «Феникс» фильмін түсіру туралы келісім голливудтық «Aldamisa Entertainment» компаниясымен жасалмаған, шындығында «Қазақфильм» АҚ «T.K.TURANUNIVERSAL BUSSINES» ЖШС және ресейлік «Альдамиса РУС» ЖШҚ-мен келісімге қол қойылған екен.

Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі салық төлеушілердің 450 млн теңгесін заңда қарастырылмаған тәртіпте аудару мүмкіндігіне күмән келтірген.

«Жәнібековтың шағымы негізінде құқық қорғау және сот органдары тексеріс жүргізді, нәтижесінде ҚР Мәдениет министрлігі қызметінде заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Сонымен қатар «Феникс» кинофильмінің өндіріс жағдайы мен бұған дейін бөлінген 100 млн теңге көлеміндегі мемлекет қаражатының игерілу барысы зерттеліп жатыр», - деп толықтырды адвокат Әлімбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Талғат Жәнібеков 2015 жылы Арыстанбек Мұхамадиұлы министр қызметіне кіріскен соң Мәдениет және спорт министрлігі «Феникс» фильмінің түсірілімін заңсыз тоқтатып тастады деп кінәлаған болатын. Ол «министр пара сұрады» деп мәлімдеді.

«Біз бірнеше соттан өттік. Олардың бәрі телефон қоңырауымен шешіліп отырғанын да білеміз. Америкалық әріптестеріміз мұны көріп жағаларын ұстады. Заң толық біздің жақта бола тұра соттан жеңіліп қалғанымызды шетелдіктер түсіне алар емес»,— деп атап өтті ол.

Ол бұл іске «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Жұбандықовтың да қатысы бар деп отыр.

Мәдениет және спорт министрі болса, фильмнің кейбір тұстарын пысықтау қажет деген пікірін білдірді.

«Феникс» фильмінің алдын ала дайындығына 100 миллион теңге берілді. Мен фильмді қолдайтынымды режиссерге айттым, бірақ ол танымал, мықты мамандармен бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Өзі режиссер, өзі продюсер, өзі сценарий авторы болуы күмән тудырады. Егер ол Ермек Тұрсынов, Ардақ Әмірқұлов сынды мықты маман болса, мен қаражат берер едім. Ал ол болса өзім түсіремін деп қайтпай отыр. Оған қоса 550 миллион теңге сұрайды, бұл 3 миллион доллардан артық қаражат. Менің «Феникске» қарсылығым жоқ. Тек сценарийді жақсылап түзетіп, қаржылық негіздемесін ұсынып, ең бастысы, жақсы шығармашылық топ құруы керек», – деген еді министр 2015 жылдың тамызында.

Дереккөз: BNews.kz

13 шілде 2016, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.