Атырау, 11 қазан 21:28
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Апелляциялық сот Байдалиноваға шартты жаза тағайындауға қаулы етті

2 409 просмотра

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Nakanune.kz оппозициялық сайтында «Қазкоммерцбанк» туралы тапсырыспен жасалуы мүмкін делінген мақалаларды жариялаған деген айыппен сотталғандардың шағымын қарай келе, Алмалы аудандық сотының бұған дейін шығарған үкімін өзгертті,- деп хабарлады Азаттық.

Бүгін апелляциялық сот алқасы Nakanune.kz сайтының редакторы әрі меншік иесі Гузяль Байдалинованы бір жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы сот тағайындаған жазаны шартты мерзімге ауыстырды. 2015 жылғы желтоқсан айынан бері қамауда отырған Байдалинова, апелляциялық сот қаулысына сәйкес, дереу бостандыққа шығатын болды. Сот шешімі бойынша, Гузяль Байдалинова Алматы қаласы аумағынан шықпауы тиіс және полиция бақылауында болады.

Апелляциялық сот отырысы Гузяль Байдалинованың қатысуынсыз өтті. Байдалинованың адвокаты Инесса Кисилева апелляциялық соттың шешіміне қанағаттанатынын білдіріп, соттан Байдалинованы толық ақтауды сұрағанын айтты.

Апелляциялық сот алқасының қаулысына сәйкес, аудандық сот үкімімен «Қазкоммерцбанкті» қаралайтын мақалалар жариялауға тапсырыс берген деп танылған кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың үкімі күшін жойды. Сот Қалдыбаевтың қазасына байланысты бұған дейін оның үстінен қозғалған қылмыстық істі доғару туралы қаулы қабылдады. Кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың жансыз денесі 5 шілде күні Алматыдағы тергеу абақтысының камерасында асулы тұрған күйі табылған. Алдын ала ресми мәлімет бойынша, ол өзіне өзі қол жұмсаған. Тайыр Қалдыбаевтың адвокаттары мен марқұмның жесірі комментарий беруден бас тартты.

Сот кеңесуге кеткенге дейін прокурор сот алқасынан Тайыр Қалдыбаевқа қатысты істі оның қазасына байланысты доғаруды, ал Гузяль Байдалиноваға шығарылған үкімді күшінде қалдыруды сұраған.

23 мамырда Алмалы аудандық соты жалған ақпарат таратқан деп айыпталған Тайыр Қалдыбаевты төрт жарым жылға, ал Гузяль Байдалинованы – бір жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен.

Дереккөз: Аzattyq.org

12 шілде 2016, 16:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.