Фото: Tengrinews.kzБүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «100 нақты қадамды» іске асыруға арналған 59 заңның әрбіреуі бойынша депутаттардың жеке-жеке жауапты болатынын мәлімдеді. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевтың ойынша, ондай жауапкершілік әрбір заң бойынша болуы шарт, деп хабарлайды Baq.kz.
«Негізі, заңдардың депутаттық бақылау рөлін арттыру өте орынды деп білемін. Өйткені біз өңірлерге шыққанда, сайлаушылармен кездескенде кейде сол заңдардың дұрыс жұмыс жасамай жатқанын, я болмаса, заңдарды орындауда атқарушы органдардың барлық механизмдерді толыққанды іске асырмай отырғанын көреміз. Бұдан бөлек, кейбір заңдардың көздеген мақсаты мен бағыты дұрыс болғанмен атқарышулар оны бұрмалап кетіп, өкінішке орай, сайлаушыларды да үлкен сергелдеңге салып қоятын фактілер де бар. Міне, осы іспетті мәселелер бойынша депутаттар өз рөлін пайдаланулары қажет. Сондықтан ол (жеке жауапкершілік – авт.) керек дүние», - дейді О.Өксікбаев.
Омархан Нұртайұлының өзі бюджеттік өзгерістерге жауапты болған. Осы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын да басқарды.
«Меніңше, әрбір жұмыс тобын басқарған депутат сол заңның қоғамдағы ертеңгі бағытын бағдарлап отырса, артық болмайды. Енді, бізде әдетке айналып кетті ғой, анау күшіне енгізетін қосымша заңнамалар жасаймыз. Солардың дұрыстығы, заңның өзінің нормасын бұрмалап кетпейтін жолдардың болмауын депутат қадағалап отырса, ол біздің қоғамымызға да, мемлекетімізге де пайдалы деп білемін. Сондықтан бұл мәселені біздің Парламент басшылары ұғып, түсініп отыр. Болашақта біз, мүмкін, сол мәселені жаңағы айтқандай регламентке де өзгеріс енгізіп, күшейтеміз деген ойдамыз», - деп атап көрсетті халық қалаулысы.
Дереккөз:Вaq.kz
В Атырау 0