Атырау, 11 қазан 17:27
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Депутаттар әуе билеттерінің қайтарылмауына қатысты мәселе көтерді

1 722 просмотра

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутаттар әуе билеттерінің қайтарылмауына қатысты мәселе көтерді,- деп хабарлады Қазақпарат.

«Авиакомпанияларға қатысты аса өзекті мәселе бар - бұл алдын ала сатылып алынған билеттерге қатысты қаражатты қайтармау. Адамдар бір ай, екі ай бұрын арзанырақ бағаға ұшаққа билет сатып алады, алайда қандай да бір жеке немесе қызметтік жағдайларына байланысты билеттен бас тартуға тура келеді. Алайда, ол ақша қайтарылмайды. Яғни, мұнда авиакомпаниялар халықтың қаражатын тәркілеп жатқандай. Мен бұны дұрыс деп санамаймын», - деді депутат Сапар Ахметов.

Оның айтуынша, алдын ала билет сатып алып, авиакомпаниялар жұмысын алдын ала кредиттеуге көмектесетін халық ақшасын қайтарып алуға да құқылы болуы керек. «Адамдар билеттен жайдан жай бас тартпайды ғой. Біз сол азаматтардың басына түскен жағдайды түсініп, билеттерін қайтарып беруге тиіспіз», - деді С. Ахметов.

Ал Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметовтың айтуынша, билеттердің қайтарылмауы - бұл авиакомпаниялардың өздерінің ішкі шешімі. «Жеңілдікпен немесе ең төменгі тарифпен билет сатып алғандар үшін негізінен 20-30 пайыздық айыппұл санкциялары қарастырылған болуы керек. Орташа тарифтер, шекті тарифтер деген болады. Осы тарифтермен билет сатып алғандар оны қайтарғанда айыппұл санкциялары алынбайтын болуы керек. Дегенмен, заң жобасында бұл мәселе қарастырылмаған», - деді журналистерге осы мәселені түсіндірген комитет төрағасы Бекен Сейдахметов.

Дереккөз:Іnform.kz

28 маусым 2016, 13:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.