Атырау, 11 қазан 13:31
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Америка түрмесінде жазасын өтеп шыққан Азамат Тәжияқов елге оралды

2 251 просмотра

Америка түрмесінде отырған қазақ студенті аман-есен елге оралды. АҚШ-та лаңкестік оқиғаға қатысты айыпталып, 3 жарым жылға сотталған Азамат Тәжияқов жаза мерзімін толық өтеген. Сондықтан жас жігіт бостандыққа шығып, бүгін таңсәріде Алматыға ұшып келді. Ұзақ уақыттан бері ата-анасы мен туыстарынан жырақтап қалған жерлесімізді әуежайдан тілшіміз Диас Нұрақын да қарсы алды,- деп хабарлады КТК арнасы.

Азамат Тәжияқов мінген ұшақ Алматы әуежайына таңғы сағат 5:30- да қонды. Жат жерде жазықты болып, түрмеге тоғытылған ұлдарын қарсы алуға ата-анасы мен туыстары тайлы-тұяғы қалмай түгел келген. Бірнеше жылдан кейін туған жерге табаны алғаш тиген Азамат ұшақтан түсе салысымен ағайындарымен арқа-жарқа құшақтасып, ақтан дәм татты. 2013 жылдан бері АҚШ-та қамауда болған ол басына үйірілген қара бұлттың сейілгенін енді ғана сезінгендей.

Азамат Тәжияқов:

- Қазір жүрегім тоқтап қалардай болып тұр. Қатты соғып жатыр. Қуанышымда шек жоқ. Келіп күтіп алғандарыңызға рахмет. Әкеме қоңырау шалып жағдайымды біліп тұрғандарыңызға рахмет. 3,5 жыл болды Қазақстанда болмағаныма. Ет жеп демалып, қымыз ішіп жатқым келеді.

АҚШ-қа білім аламын деп барып, басы бәлеге қалған ұлымен қайта қауышқан ата-ананың да қуанышында шек жоқ. Себебі олар 3 жыл бойы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған көкейдегі кірбіңнен арылып отыр. Сондықтан Әмір Ысмағұлов баласының тілеуін тілеген барша халыққа алғыс айтып, ағынан жарылды.

Әмір Ысмағұлов, Азамат Тәжаяқовтың әкесі:

- Азамат Тәжияқов түрмеде текке жатпай тіл меңгерген екен. Яғни ағылшыннан бөлек испан, қытай тілдерін үйренген. Сондықтан алдағы уақытта білімін сол Қытайда жетілдіруі мүмкін. Себебі мұхиттың арғы бетіне енді қайтып бара алмайды.

Әмір Ысмағұлов, Азамат Тәжияқовтың әкесі:

- Ол 2 жыл оқуын оқыды. Бірақ енді ол Америкада оқымайды. Ол басқа жақта оқиды.

2013 жылдың сәуірінде Бостондағы марафон кезінде жарылыс болып, 4 адам қаза тапқан. Лаңкестік әрекетті ұйымдастырған ағайынды Царнаевтардың үлкені Тамерлан құрықтау шарасы кезінде өлсе, кішісі Жохарды АҚШ соты оны өлім жазасына кесті. Ал екі қазақ студенті - Азамат Тәжияқов пен Диас Қадырбав осы кіші Царнаевқа көмектесті деген айыппен жазаға тартылған болатын.

Қазір Америка түрмесінде тағы бір отандасымыз жазасын өтеп жатыр. Диас Қадырбаев та Бостондағы оқиғаға қатысты терроризм бабы бойынша айыпталып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондықтан ол енді 2 жылдан кейін елге оралмақ. Ал жазадан толық құтылған Азамат Тәжияқов бүгін түнде туған жері Атырау облысына жол таратады. Себебі ол үшін 3 жарым жылдан аса уақытқа созылған азапты күндер осымен аяқталды.

Дереккөз: КТК

16 маусым 2016, 23:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.