Қазақстанда бүгін мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталады. ҰБТ 15 маусымға дейін созылады,- деп хабарлады Азаттық.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл 121 мың 92 түлек мектеп бітіреді, олардың 86 мың 991-і (мектеп бітірушілердің 72 пайызы) ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.
ҰБТ Қазақстан бойынша 166 пункте өткізіледі. Олардың 116-сы аудан орталықтарында, 50-і облыс орталықтары мен Алматы және Астана қалаларындағы жоғары оқу орындарында орналасқан. Бір ҰБТ өтетін орында бір күнде 600 адам тест тапсырады.
Бұған дейін білім және ғылым министрлігі ҰБТ-да межелі 50 балл жинай алмаған түлектер тестті ақылы түрде екінші рет тапсыра алатынын мәлімдеген. Министрлік бұған қоса келесі оқу жылынан бастап мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу емтиханын екі кезеңге бөлуді қарастырып жатқанын айтады.
Дереккөз: Аzattyq.org