Фото: Zakon.kzЕртең Астанадағы ҚР күштерінің Авиациялық базасында 4-ші халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен əскери мүлік көрмесі ашылады. Көрмеге əлемнің 45 мемлекеті қатысады. Бұл туралы арнайы брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары, полковник Оқас Сапаров мəлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
«Ертең ҚР күштерінің Авиациялық базасында 4-ші халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен əскери мүлік көрмесі ашылады. 2-5 маусым аралығында өтетін шараға əлемнің 45 мемлекетінен ресми жəне іскерлік делегация қатысады. «KADEX-2016» – бұл қазақстандық жəне шетелдік қару-жарақ пен əскери техникалық мүлік өндірісінің ірі халықаралық көрмесі», - деді ол.
Сонымен қатар Оқас Сапаров əскери көрменің осы жылы 7 негізгі тақырып бойынша өтетіндігін атап өтті.
«Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған əскери көрме 7 негізгі тақырыптық бағыттан тұрады. Олар авиациялық техника, ұшу аппараттары техникасы жəне ғарыштық технологиялар, IT технологиялар, байланыс жүйелері мен құралдары, əскери саладағы робот техникасы жəне т.б.» - деді полковник.
Сондай-ақ , ҚР Министрінің орынбасары «KADEX-2016» халықаралық көрмесіне қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келе жатқандығын баса айтты.
«Жылдан-жылға «KADEX-2016» халықаралық көрмесіне қатысуға ниет білдірген отандық жəне шетелдік компаниялардың саны артып отыр. Атап айтқанда, 2012 жылы көрмеге 253 шетелдік компания қатысса, 2014 жылы олардың саны саны 300-ге жетті», - деді Оқас Сапаров.
Аталмыш көрме қазақстандық қорғаныс өнеркəсібі өнімінің экспорттық əлеуетін көтеруге, осы салаға шетелдік инвестиция тартуға жəне іскерлік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ҚР Қорғаныс министрлігі «KADEX» халықаралық көрмесін 2010 жылдан бастап екі жыл сайын өткізіп келеді.
Дереккөз: Bnews.kz