Фото: Tengrinews.kzБүгін "Астана ЭКСПО" компаниясынан қаражат жымқыру бойынша өткен сот отырысында 12 айыпталушыға қатысты істі бөлек қарау туралы шешім шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"26 мамырда прокурорлар сотталушы Ақылбаев, Тілеуов, Найзабеков, Сардарбеков, Сағындықов, Телекметов, Үсенов, Шорманов, Ақпамбетов, Ильин, Сейітов, Пягаймен кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге келді", - деді судья.
Әділхан Шайхисламов соттың прокурорлар келісімге келген сотталушыларға қатысты істі бөліп шығаруға құқылы екенін айтты.
"Сот Ақылбаев, Тілеуов, Найзабеков, Сардарбеков, Сағындықов, Телекметов, Үсенов, Шорманов, Ақпамбетов, Ильин, Сейітов, Пягайға қатысты қылмыстық істің материалдарын бөлек қылмыстық іс ретінде бөліп шығару туралы қаулы шығарды", - деді судья.
Қорғаушылардың айтуынша, осы сотталушыларға қатысты қылмыстық істі енді басқа судья қарайды.
Еске салайық, осы іске қатысты 23 адам айыпталып отыр. 12 сотталушы өз кінәсін мойындады. Кейін олар кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге келу туралы өтініш берді.
Айта кетейік, Талғат Ермегияевке қатысты сот тергеуі аяқталды. Процеске қатысушылар тараптардың пікірталасына дайындалып жатыр.
Дереккөз: Тengrinews.kz